Жастарға шығармашылық шабыт беру керек - Жұлдыз Омарбекова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жастар мемлекеттік қолдау тетіктерін білмей жатады. Осы себепті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір сөзінде және сайлауалды бағдарламасында жастарға көп көңіл бөлінгенін айтып жүр. Ол алда келе жатқан реформалардың локомотиві жастар екенін айтты. Жалпы, Қазақстанда жастарға жағдай жасалған. Біздің бағдарламалар - «Серпін», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының бәрі де жемісін беріп жатыр. Бірақ, бір мәселе бар - жастар оны сезінбейді», - деді Жұлдыз Омарбекова Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Президент Қ.К.Тоқаевтың 10 міндеті: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, өңір-өңірлер жастарды қолдауға қатысты мақтанарлық статистиканы келтіріп жатады.

«Алайда, жастар мұны сезінбейді. Неліктен? Біздің мемлекетте өзге елдерден гөрі керемет жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жоспарлар мен заңдарда мін жоқ. Бірақ, жастар осыны сезінбей жатса, қай жерден ақау кетті? Мәселе - ұйымдастыруда, аталған шаралардың, бағдарламалардың жүзеге асырылуының тиімділігінде, бақылауда. Жастарға не керек? Атам заманнан бері жастардың қалайтыны - әділеттілік. Шындықты іздеушілер де солар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты артықшылығы - «ауруын жасырған өледінің» мағынасын айқын түсініп, түйсініп отыр. Сол себепті, қоғамның мәселелерін ашық айтып, бастысы - түзей білуіміз керек секілді», - дейді вице-министр.

Жұлдыз Омарбекова Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзіретіне дін және жастар, ҮЕҰ-мен жұмысты реттеу мәселелері еніп отырғанын атап өтті.

«Қазақстандағы 4 млн жас мемлекет не беріп, не ұсынып отырғанын білуі үшін не істеу керек? Министр Дәурен Абаевпен, ведомствоның мамандарымен осы мәселені кеңінен талқылап жатырмыз. Жастар баяғыда-ақ әлеуметтік желіге кетіп қалған. Бәрі тез өзгеріп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіріп, жастардың талабына сай келу жағын ойластырып жатырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды іске тарту керектігін айтып отыр. Ол үшін әділетті түрде оларға мүмкіндік беріп, өздері қалайтын шығармашылығына шабыт беру керек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кірісу рәсімінде мемлекетті дамыту жолында 10 бағытқа баса мән беру керектігін мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар