Жастарға саяси тәжірибе жинауына жағдай жасалады – Әли Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы Президенттің бастамаларын толық қолдайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Ұлттық кеңестің екінші отырысында көтерген бірқатар маңызды мәселелерінің ішінде негізгілерінің бірнешеуіне тоқталғым келіп тұр. Себебі тікелей біздің қызметімізге немесе қоғамдық жұмысымызға қатысты бірнеше мәселелерді өзімізге жақын санап отырмыз. Оның бірі – саяси партияларға қатысты мәселелер. Саяси реформаны жүргізу үшін сайлау заңына қатысты өзгерістер, саяси партияларға байланысты заңға өзгерістер енгізудің күн тәртібінде тұрғандығы рас, яғни көптен бері айтылып келе жатыр. Мемлекет басшысы да халыққа арнаған Жолдауында осыған тоқталып кеткен болатын. Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осыған қатысты нақты ұсыныстар айтылды және оны біз толық қолдап отырмыз», - деді сенатор.

Осы орайда Ә. Бектаев партияны құрып, оны тіркеуден өткізуге көрсетіліп отырған жеңілдіктердің маңыздылығын атап өтті.

«Егер бұрын партияны құру үшін 40 мыңнан астам мүшені жинау керек болса, қазір соның нормативтік көрсеткіші, яғни шекті деңгейі 20 мың адамға дейін төмендетілмек. Бұл өз кезегінде партияны құру мен оны тіркеуден өткізуге бірнеше есе мүмкіндік жоғарылап отырғандығын аңғартады. Екіншіден, осы тіркеудің тетіктері оңтайлануда. Атап айтқанда, алдағы уақытта партиялардың саны көбейсе, партиялардың арасындағы бәсекелістікті арттырады деп ойлаймын. Ал бәсекелестік жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Біз «Ауыл» партиясының өкілі ретінде осы қадамдарды дұрыс деп есептейміз. Сондықтан бұл бағыттағы шараларға біз дайынбыз», - деді Әли Бектаев.

Сонымен қоса, депутат партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны қарастыру ұсынысы өте орынды екенін тілге тиек етті.

«Жастарға әлеуметтік лифті ғана емес, саяси-қоғамдық лифтілерді ұсыну – күн тәртібінен түспеген мәселе. Жастарға саяси тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруіміз керек», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік оппозиция институты қажет екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар