Жастарға өз облысында әскери борышын өтеуге таңдау беріле ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда әскерге шақырылған жастарға өз облысында борышын өтей алатындай таңдау беріле ме? Бұл сұраққа ҚР Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру, жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастысы Сәкен Жүсіпов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мерзімді әскери қызметке шақыруды жоспарлау, ұйымдастыру жұмысы шақырылған азаматтарды басқа өңірлерде әскери борышын өтеуді қарастырады. Мәселен солтүстік өңірден шақырылған азаматтар міндетті түрде әскери борышын шығыста немесе батыста өтейді. Әскерді жасақтаудың аталмыш аумақтық қағидаты жас азаматтарды басқа аймақтардың климаттық жағдайына бейімдеп, физикалық тұрғыда мығым болуына септігін тигізеді», - деді Сәкен Жүсіпов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша кейбір әскери бөлімнің ерекшелігі онсыз да аумақтық қағидаттың сақталуын талап етеді.

«Мәселен қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі түзету мекемелерін осы санатқа жатқызуға болады», - деді ол.

Айта кетсек бұған дейін Сәкен Жүсіпов ТЖ кезінде 2019 жылдың көктемінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылғанын мәлім еткен еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімі 2020 жылдың маусымынан тамызына ауыстырылып отыр.

Еске сала кетсек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлыққа қол қойған болатын.


Фото: astana.gov.kz
Соңғы жаңалықтар