Жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер Қарағандыда өткен форумда талқыланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының Достық үйінде «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында өңірлік жастар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағандылықтар өз жетістіктерінің тарихымен бөлісті және жастар бастамаларына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары мен өзін-өзі жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылындағы еліміздің жетістіктері туралы сөз қозғалды.

Іс-шараға ЖОО студенттері, еріктілер, кәсіпкерлер, жұмысшы жастар және тәуелсіздіктің құрдастары қатысты.

Форумды Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Модератор басқарма басшысы Біржан Әлімжанов болды. Абай ауданының Қарағанды ауылдық округінің жас әкімі Владислав Кирей, тележурналист және Тәуелсіздіктің құрдасы Жанбота Рахметоллаұлы, сондай-ақ «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі, PhD докторы Лаура Жолдасова арнайы қонақ ретінде шақырылды.

«Мен 26 жастамын. Қарапайым отбасында туып өстім. Бала кезімнен барлық қоғамдық іс-шараларға белсенді қатыстым. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін магистратураны тәмамдадым. Мәскеуде тағылымдамадан өттім. Абай ауданының Жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім, оны басқардым. Міне, биыл Nur Otan партиясынан ауыл әкімдерін сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды ұйғардым. Мен әкім лауазымында бар болғаны үш ай жұмыс істеймін. Қазір жастардың дамуы мен мансаптық өсуі үшін барлық мүмкіндіктер бар», – деді Владислав Кирей.

Форумда Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басарда Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері туралы айтылды. Болашаққа жоспар құрылды. Сондай-ақ, спикерлер өз кәсібін қалай тапқанын, мансап пен жеке дамуда белгілі бір биіктерге жеткендерін айтты. Әркім өз мысалында сәттілік еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында болатынын атап өтті.

«Мен Ұлыбританияның Бристоль университетінің түлегімін. Оны бітіргеннен кейін М. С. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Құқық жоғары мектебінде деканның орынбасары болып жұмыс істедім. Қазір Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде заң факультетінің кафедрасын басқарамын. Өз тәжірибеме сүйене отырып, өмірде бір нәрсеге қол жеткізу үшін көп оқып, еңбектену керектігін сенімді түрде айта аламын», – деп атап өтті Лаура Жолдасова.

Форум соңында бизнес-идеялар байқауының 10 жеңімпаз студенті марапатталды. Ең үздік жобалар қатарында тістерді ағарту студиясы, шиналық сервис, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, пицца шығаратын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз зарядтауға арналған құрылғыларды, пластикалық бұйымдарды, ағаштан ұлттық стильдегі тұрмыстық заттарды шығаратын автоматтандырылған шағын цех бар.


Соңғы жаңалықтар