Жастарға арналған жалға берілетін баспана бойынша шарт мерзімін ұзартуға бола ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-сұлтан қаласы әкімдігі Тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Қабдешова «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша балл есептеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарламаға қатысты барлық сұрақтар бойынша 109 қызметіне (I-Komek) хабарласа аласыздар. Жастардың өтінімдерін қарастыру мүмкіндігіне қарай, біз оларға тиісті статусты қоямыз. Осы орайда үш статус болады. Біріншісі - құжатты қарастыруға қабылданғаны, екіншісі – дұрыстау қажет болса, түзетуге жіберу, үшіншісі - бағдарлама шарттарына сәйкес келмесеңіз, құжаттарды қарастыру тоқтатылады», - деді А. Қабдешова.

Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында келісімшарт мерзімі ұзартылмайды.

«Жалға берілетін баспана 5 жыл мерзімге ұзарту құқығынсыз беріледі. Баспананың бұл түрі жеке пәтер алуға ақша мен бастапқы жарнаны жинау үшін ұсынылады. Өйткені ай сайынғы жалға алу төлемі өте төмен, яғни үйдің шаршы метр аумағына қарай 5 мыңнан15 мың теңгеге дейін. Бес жылдан келісімшарттың күші жойылады», - деді баспасөз хатшысы.

Арманай Қабдешованың айтуынша, аталған бағдарлама бойынша іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

Белгілі болғандай:

- Отбасының болғаны үшін - 5 балл, некенің әр жылы үшін - 2 балл;

- Бала болғаны үшін-1 балл, келесі әрбір бала үшін – 2 балл;

- Бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардағы) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әр жылы үшін -1 балл;

- нарық сұранысына ие 100 мамандық тізіміне сәйкес мамандықты игерген өтініш берушіге - 10 балл (тізім сайтта жарияланған zhilfond.kz);

- жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;

- өтініш берушінің әртүрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған кезде (кәсіби саладағы жетістіктері ескеріледі) – 2 балл;

- екінші деңгейдегі банктердегі жинақ шоттарындағы жинақтардың әрбір жылы үшін - 2 балл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы елордада 350 пәтер беріледі.


Соңғы жаңалықтар