Жастарға арналған қызмет көрсету орталығы: Астаналық жастарды не мазалайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет жастарға арналған қызмет көрсету орталығы ашылды. Бүгінде ашылғанына 4 айға жуықтаған орталықтың жұмысы қызып тұр.

Орталыққа елордалық жастар өздерін толғандырған түрлі мәселе, сұрақтар бойынша жүгіне алады. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі орталықтың жұмысымен танысып, астаналық жастарды не мазалайтынын біліп келді.

«Биыл 1 маусымда елордада алғаш рет жастарға арналған қызмет көрсету орталығы ашылды. Мақсат – жастарды мазалаған сұрақтарға жауап бере отырып, кеңес, ұсыныс беру. Бұл орталыққа жастар түрлі мәселелермен келіп жүгіне алады. Оның қатарында кәсіптік бағдар көрсету, жұмысқа орналасу, жастарға арналған бағдарламаларға қатысу, волонтерлік қызмет, бос уақыттарын тиімді қолдану және тағы басқа. Одан бөлек, жастарды жиі мазалайтын басты сұрақтың бірі тұрғын үй мәселесі. Орталық мамандары осы аталған бағдарлар бойынша кеңес бере алады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Астана жастары» орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Орталық қызметті жастарға тегін көрсетеді. Және бүгінге дейін 700-ге дейін астаналық жас өз сұрақтарына жауап алған.

«Орталықта бірнеше сала бойынша мамандар қызмет көрсетіп жатыр. Соның ішінде ең өзектісі жұмысқа орналасу мен баспаналы болу мәселесі. Орталықты халық жиі шоғырланатын жерде ашуды жөн көрдік. Яғни кез келген жас адам өтіп-кетіп бара жатырып, өз сұрағына жауап ала алады. Қысқаша айтқанда, бұл жер жастарға арналған барлық мүмкіндіктердің жиынтық орталығы», - дейді ол.


Орталық аптаның бес күні (дүйсенбі-жұма) жұмыс істейді. Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 18:00-ге дейін. Сағат 13:00-ден – 14:00-ке дейін түскі үзіліс.

Мамандардың айтуынша, жастар орталыққа өз сұрағымен ғана емес ұсыныс, идеясымен де келе алады.

«Өз идеясы бар немесе кәсіп ашқысы келген жастар орталыққа келіп өз ойымен бөлісе алады. Сәтті идея авторларына нақты қолдау көрсетіледі. Одан бөлек, біз волонтерлер әзірлейміз және волонтерлікпен айналсамыз яғни волонтер боламын деген ниетті жастарға есігіміз ашық», - деді А. Ерментаев.


«Мен биыл заңгер мамандығы бойынша колледжді тәмамдадым. Бүгін орталыққа мамандығым бойынша бос жұмыс орнын іздеп келдім. Өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Орталық мамандары жұмыс орындары бойынша кеңес берді, бос орындар бар екен. Оқуды енді бітірген жас мамандар үшін керек орталық деп ойлаймын. Елордада жастарға арналған қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы әлеуметтік желіден білдім», - дейді елорданың жас тұрғыны Раушан Шемірова.


Соңғы жаңалықтар