Жастарға арналған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасының шарттары аталды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Жастарды баспанамен қамтитын «Абай жастары» бағдарламасына қатысу шарттары жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, желтоқсан айының 1-інен бастап «Абай жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның әкімшісі – Семей қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Әкімдік бағдарламаны «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырады.

«Бір қатысушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 15 млн теңгені құрайды. Егер тұрғын үй құны бұл сомадан асса, қалған ақшаны өтініш беруші өз қаражаты есебінен төлейді. Пәтер сатып алу үшін бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%. Пайыздық мөлшерлеме – 5%. Несиенің максималды мерзімі – 19 жылға дейін», - делінген ақпаратта.

Бағдарламаға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана кезегiнде тұрған 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Сондай-ақ осы жас аралығындағы журналистер, мемлекеттік, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін мәдениет, денсаулық және спорт саласының қызметкерлері қатыса алады.

«Қатысушыларға қойылатын талаптар – Абай облысы, Семей қаласында тұрғылықты тіркеуде болуы. Некеде тұрған адамдар, 18 жасқа толмаған балалары барлар үшін барлық отбасы мүшелері тіркелуі керек. Қатысушының және қазіргі уақытта онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің кейінгі 5 жылда баспанасы болмауы міндетті (жағдайы апатты деп танылған үйлерді қоспағанда). Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарды қоспағанда, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, БАҚ салаларында кемінде 1 жыл жұмыс істеуі шарт. Бағдарламаға кәсіби қызмет түріне қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж санатқа жататын тиісті жастағы азаматтар қатыса алады. Егер бағдарлама қатысушылары ерлі-зайыпты болса, онда олардың біреуі ғана өтініш бере алады», - делінген хабарламада.

Өтініштер Семей қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінде (Шмидт көшесі, 9/1 мекенжайында) қабылданады. Құжаттарды қабылдау осы жылдың 22 желтоқсанында басталып 2023 жылдың 12 қаңтарына дейін жалғасады. Қабылдау уақыты – 9.00-ден 12.00-ге дейін.


Соңғы жаңалықтар