Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аудару қажет – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда алдағы 5 жылдық кезеңде еңбек нарығын кешенді дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің басты міндетіміз – нәтижелі жұмысмен қамтуды күшейту есебінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру. 2017-2019 жылдар аралығында тиімді іске асырылған »Еңбек« бағдарламасы арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Соның ішінде 1,3 млн адам жұмысқа орналасты. 51 мың адам өз бизнесін ашты. 248 мың адам біліктілігін арттырды. 53 мың жас азамат алғашқы кәсіптерін игеруде. Сонымен қатар қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру үшін келесі тапсырмалар бар», - деп атап өтті ол.

Үкімет басшысының айтуынша, еңбек нарығы құрылымының өзгеруіне байланысты оның осы өзгерістерге икемділігі жоғары болуы қажет. «Біріншіден, осыған байланысты Еңбек, Білім, Ұлттық экономика министрліктері салалық министрліктермен, әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін алдағы 5 жылдық кезеңде еңбек нарығын кешенді дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлесін. Екіншіден, қысқа мерзімде оқыту кепілді жұмысқа орналастыру негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Шағын несие және грант беру кезіндегі талаптардың орындалуын нақты бақылау қажет», - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр үшіншіден, жастардың әлеуетін дамыту мақсатында «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары іске асырылып жатқанын айтты.

«Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аудару қажет. Осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, тұрақты жұмыс орындарын құру әкімдер мен салалық министрліктер жұмысының негізгі басымдығы болып қала береді. бұл көрсеткіштер барлық мемлекеттік бағдарламаларда, инвестициялық жобалар мен әлеуметтік-жекешелік серіктестік жобаларында көрсетілуі тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар