Жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауы маңызды - Нұрлан Серғалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бірлік пен келісім салтанат құрған елімізде барлық ұлыс жастарының ұлттық құндылықтарды ұлықтауы маңызды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Нұрлан Серғалиев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 29 сәуірде өткелі отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясына Батыс Қазақстан облысынан жеті делегат қатысады.

Ассамблея сессиясының өзі 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтуінің өзі өз миссиясын айқындап тұрғандай.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен табыс-жетістігінің баршасы тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі Елбасы айқындап берген этникааралық келісім мен бірліктен бастау алады. Бүгінгі күні Қазақстанда әлемде теңдессіз саналатын татулық пен бірліктің, көпэтникалық қоғам татулығының бірегей үлгісі қалыптасқаны баршаға аян. Ал мұндай үлгінің қазақ елінде салтанат құруына, сондай-ақ қоғамда тұрақтылықтың сақталуына Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қосқан үлесі зор.

Университет басшысының пайымдауынша, Ассамблея міндеттерін айқындайтын мәселелерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының рөлі жоғары. Татулық пен бірлік, өзара келісім, тұрақтылық пен толеранттылық секілді ұғымдарды құндылық ретінде жастарға ұғындыру басты назарда болуы шарт.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық тұтастық идеясын алға апару бағытында БҚМУ-дағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен «Рухани жаңғыру» институты тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Бұл ретте еліміздің мәдениетімен, білімімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру шаралары шет елдердегі (мысалы, Польша, Латвия, Ресей) әріптес оқу орындарында да тұрақты өріс алуда.

Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, бүгінгі таңда барша қазақстандықтардың, өзге ұлыс өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы жыл сайын өсіп келеді.

Елге, ұлтқа және тілге деген құрметті арттыруда Алғыс айту күні тың серпін берді деп айтуға болады. Айталық, осынау мереке аясында «Қазақ елі - ұлы достық мекені» тақырыбында «Достық» студенттік клубы мүшелері мен университетте білім алып жатқан өзге этнос өкілдері арасында қазақтың танымал ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары негізінде және «Туған жер» жобасы аясында халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттау еді.

Сайыста 16 үміткер бақ сынап, олардың арасында орыс, өзбек, түркімен, неміс, шешен, украин халқының өкілдері болды. Қатысушы жастар ұлы Абайдың, Махамбеттің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтің, Жұбан Молдағалиевтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін нақышына келтіріп оқып, қазақ ақындарына деген шынайы құрметі мен сүйіспеншіліктерін айқын сездіре білді.

Міне, мұны жастарды халқымыздың рухани байлықтарынан сусындатудың бір жарқын мысалы деуге болады.

Студент жастар арасында озық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында айлық шаралар да өтіп тұрады. Қазақстанның әр өңірінде қыз ұзату, келін түсіру сияқты салт-жоралғыларының өзінде өзгешеліктер бар екені белгілі. Университетімізде «Серпін» бағдарламасы аясында оңтүстік аймақтан келіп, білім алып жатқан жастар да бар. Бұл байқаудың ерекшелігі, әр өңірдің салт-дәстүрі жөнінде сахналық көріністер қоюмен шектелмейді. Әр өңірдің тарихынан сыр шертіліп, салт-дәстүрлері таныстырылып, тағам түрлері ұсынылады.

Осылайша мидай араласқан студенттер бір-біріне жақынырақ бола түседі. Өзге ұлыс өкілдері де қазақ халқының рухани жан-дүниесін тани түседі.

«Қорыта айтқанда, жастарды жалпыұлттық идеяға ұйыстырудың, мемлекеттік және басқа тілдерді меңгеруіне барынша жағдай жасаудың маңызы зор. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен еліміздің алар асулары да мол болары анық», - деп түйіндеді ойын Нұрлан Серғалиев.

Фото: news.wksu.kz

Соңғы жаңалықтар