Жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда - Тимур Ысқақов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Тимур Ысқақов айтты.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда облыста мемлекеттiк жастар саясатының басым бағыттарын iске асыруға, жастарды қолдауға жəне жан-жақты дамуына бағытталған жүйелi жұмыстар жүргiзiлуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдары қарастырылған. Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі - халықтың әр деңгейі үшін білімнің қолжетімділігі және білім алу мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету. Осы орайда, өңірде облыс әкімінің атаулы шәкіртақысын тағайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда облыс әкімінің шәкіртақысы есебінен 276 ақмолалық студент еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 102 миллион теңге қаржы бөлінген», - дейді Тимур Ысқақов.

Айта кету керек, облыс әкімінің атаулы шәкіртақысының иегерлері өңірдегі және республика аумағындағы жоғары оқу орындарында білім алады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 4 жоғары оқу орны бар. Онда 50 мамандық бойынша студенттер білім алуда. Олардың арасында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жалпы медициналық факультеттің ашылуы маңызды болып отыр. Енді жергілікті студенттер ешқайда бармай-ақ, осында білім алуына болады.

Облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы сапалы білім алып, кейін жұмысқа орналасу бағытында әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтағы студент жастар үшін үлкен материалдық көмек. Мәселен, 2017 жылы жетім, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан 49 студент атаулы шәкіртақыға ие болған. Оған қоса, бұл жоба жастарды сұраныс жоғары мамандықтарға тарту арқылы Ақмола облысында кадр тапшылығын шешуге бағытталған. Атаулы шәкіртақы шеңберінде 120 студент медициналық, педагогикалық, теологиялық, техникалық, аграрлық тәрізді мамандықтар бойынша білім алуда. Бұл студенттер диплом алған соң келісімшарт негізінде облыс аумағында 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Ағымдағы жылы осындай  7 маман жұмысқа орналасты.  Биылғы жылы жоғары медициналық білімнен кейін оқуын жалғастырып, кардиолог, рентгенолог, онколог, аллерголог сияқты мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерге де атаулы шәкіртақы тағайындау жоспарда бар.

«Атаулы шәкіртақыдан басқа Ақмола облысында жоғары білім алатын студенттерге 2017 жылдан бастап білім беру гранттары тағайындалып келеді. Биыл облыстық бюджеттен 150 грант бөлінсе, оның 50-і бірінші рет медициналық факультетке, 100-і педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге. Осылайша, білім беру жүйесін жетілдіру, жас мамандардың білім алуына жағдай жасау арқылы біз олардың кәсіби шеберлік деңгейін көтереміз және халықтың әл-ауқатын жақсарта аламыз», - деп толықтырды Тимур Ысқақов.

Соңғы жаңалықтар