Жастардың әлеуметтік бастамалары қаржылық қолдауды қажет етеді - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Жастар жылының ашылуында волонтер студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Жастар жылының ашылу салтанатында қазақстандықтардың жас кезінен жан жағында болып жатқан оқиғаларға қатысушылығы мен ынтымақтастығын үйрету қажеттілігін атап өтті. Бұл қасиеттерге қол жеткізудің тиімді әдістерінің бірі - еріктілер қозғалысына жастардың қатысуы. Өз кезегінде, волонтерлік тұжырымдама қазақстандықтарға жат емес. Ежелгі заманнан бері қазақ қоғамында шынайы және ақысыз көмек көрсету тәжірибелері кездеседі, оның бірі - «Асар», - дейді Слямжар Ахметжаров.

С.Ахметжаров бүгінгі таңда мектептер мен университеттердің студенттері егде жастағы адамдарға көмек көрсету, мәдени ескерткіштерді қорғау немесе жергілікті және республикалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастыру арқылы өздерін көрсете алатындығын атап айтты.

«4,5 мың еріктілер «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысты. Осы жастар тек халықаралық оқиғаға өз үлестерін қосып қана қоймай, жаңа достар тауып, қажетті тәжірибеге ие болды. Сондай-ақ, түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруда жас қазақстандықтардың белсенділігін атап өту керек. Мысалы, Назарбаев Университетінің студенттері ауылдағы балаларға арналған 3 апталық ағылшын тілі курсы «Hello, Aul!» волонтерлік бағдарламасын ұйымдастырды. Осы бағдарлама аясында Назарбаев Университетінің студенттері жазғы демалыстарда бірқатар ауылдарды аралап, балалар арасындағы ағылшын сөйлеу тілінің дағдыларын жақсартты», - дейді ол.

Маманның пікірінше, жас қазақстандықтардың әлеуметтік бастамалары қаржылық қолдауды қажет етеді.

«Бұл мәселені шешу үшін бизнес-қоғамдастықтар тарапынан қолдау қажет. Жастардың әлеуметтік бастамалары мен ұмтылыстарының жүзеге асырылуына жәрдемдесу оларға тек жақсы қасиеттер ғана емес, сонымен бірге қазақстандық қоғамның дамуына жаңа серпін береді», - деп атап өтті сарапшы.

Соңғы жаңалықтар