Жастарды жат діни ағымдардың арбауынан қорғау қажет - саясаттанушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ата заңымызда дін мен мемлекет бөлек десек те, біз бір қоғамда, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бөліп-жару мүмкін емес. Иман, Аллаға жасалған ғибадат арқылы адам жүрегін және ойларын жамандықтан тазартып, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүру мүмкіндігін ұсынады. Қазақстан - зайырлы мемлекет болғандықтан, біздің елде діни бостандық қалыптасқан. Алайда, бұл жат ағымдағылардың іс-әрекетін қолдайды деген сөз емес. Дәстүрлі дін дегеніміз не? Оның ерекшеліктері қандай? Бұл сауалдарға саясаттанушы Расул Жұмалы жауап берді.

-Расул Жұмалыұлы, дәстүрлі дін дегеніміз не?

- Дін - Жаратқанның заңы болса керек. Онда да мемлекеттік заңдағы сияқты тыйым салу мен рұқсат етілген және істелуге міндетті әрекеттер жүйесі бар. Қандай дәстүрлі дінді алсақ та, олардың бәрі адамның бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, жамандықтан жерінуге уағыздайды. Зер сала қарасақ, мемлекет заңдары негізінен діннен бастау алатынын аңғаруға болады.

- Қазір адамдар дінді тек құлшылықпен ғана байланыстырады, бұл қаншалықты дұрыс?

-Ұлы Абай былай деген: «Адамды адам ететін де, сұлтан ететін де - иман», «Рухани байлық бақытқа жеткізеді». Демек, дін ойлауды, ізденуді және үйренуді бұйырады. Жұмыс істеп, табысқа қол жеткізуді бұйырады. Басқарудың халық еншісіндегі нәрсе екендігіне сүйенеді, ал үкімет халық егемендігінің өкілі саналады. Бұл тұрғыдан алғанда заңдар барлығы үшін бірдей, тең түрде жүзеге асырылады. Қоғамдық өмірде көмек беруге және қолдау көрсетуге, әділеттілікке және кеңес беруге мән беріледі.

- Ислам дініне қатысты әртүрлі пікір қалыптасқан, неге олай?

- Ең алдымен Ислам дегеніміз - әлемдік дүниежүзілік діндердің бірі. Бүгінде әлемде 1,5 миллиард мұсылман бар. 200 мемлекеттің ішінде 56 мемлекет ислам дінін ұстанады. Оның ішінде демократиялық, зайырлы-демократиялық елдер бар. Зайырлы дегеніміз ол мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлінген. Дін саясатқа араласпайды деген сөз. Біздің конституция бойынша біз осындай мемлекетпіз. Десек те, дін сол елдің, қоғамның, сол мемлекеттің дәстүрінің, дінінің, ділінің бір бөлігі болғандықтан, әрине мүлдем араласпаймыз деуге болмайды. Мемлекет бұл мәселелерді реттеп, қарап отыруы керек.

- Дәстүрлі діннен ауытқуымыздың себебі неде?

- Соңғы 10-15 жылда елімізде ушығып кеткен тақырып - экстремизм мен терроризм. Мүмкін, мемлекет кей нәрселерді уысынан жіберіп алған шығар. Білмеймін. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Егемен ел ретінде қазақтың менталитетіне, өмір сүру мәдениетіне көңіл аударыла бастады. Соның ішінде дін де бар. Көптеген жастарымыз діни сауатын үшін басқа мемлекеттерге кетті. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Пәкістан. Сол жақта ЖОО, медреселерді бітірді. Олар біздің елге сол елдің діни ұстанымын, басқа бағыттағы түсінігін алып келді. Исламда тоқталатын нәрсе - иман, Құран, сүннет және бес парыз. Шахада - бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, зекет, садаққа және мүмкіндік болса қажылыққа бару. Барлық мұсылман баласының орындайтын парызы - осы бесеуі.

-Діндегі шектен шығу (ифрат және тәфрит) деген не?

- Ислам дініне қатысты түрлі алып-қашпа сөз көп. Батыста исламға қарама-қайшы көзқарас қалыптасқан. Айдап салу, келеңсіз сипат алу сияқты дүниелер бар. Бұл дұрыс емес. Исламның негізгі бағыты - адамгершілік, адалдық, иманға тоқтау, қайырымдылық жасау, қиналғандарға қол ұшын беру. Ислам дінін ұстану міндетті түрде хиджап киіп, сақал өсіріп, балағын түріп жүру дегенді білдірмейді. Бұл - адамның жәй ғана сыртқы келбеті. Қазір жиһад, шахид дегенді естісек болды, бірден адамның бойын қорқыныш билейді. Мұның мағынасы бұрмаланған. Жиһад шын мәнінде жақсылыққа ұмтылу, өзіңді жетілдіру, әсіресе рухани тұрғыда діни сауатты жетілдіру дегенді білдіреді. Бұл - үлкен жихад. Кіші жихад деген бар. Ол - сіздің үйіңізге, Отаныңызға сырттан жау келгенде қару алып қорғануға болады деген сөз. Ал теріс ағымдағылар жихадты басқа ұғымда пайдаланып жүр. Намаз оқымағандардың бәрі кәпір, бұлардың көзін құрту керек дейді. Негізі Құранда соғысқа шақыратын, қысым жасауға итермелейтін, біреуді мәжбүрлейтін сөздер жоқ. Исламның өзі бағыну, құлшылық ету, бейбітшілікке тоқтау дегенді білдіреді. Біздің бағытымыз - ханафи мәзхабы осыны естен шығармауы керек.

- Жастарды теріс ағымнан қорғаудың қандай әдісін ұсынар едіңіз?

- Қазір елімізде көптеген игі шаралар өтіп жатыр. Мысалы, Алматы қаласындағы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы ЖОО мен колледж студентеріне осы сала мамандары дәріс оқып, арнайы құрылған ақпараттық түсіндіру тобы кездесулер өткізеді. Бұл әлбетте оң нәтижесін береді. Жастардың діни сауатын жетілдіру арқылы оларды теріс діни ағымдардың арбауынан, ал қоғамды діни алауыздықтан, діни экстремизмнен арашалауға болады. Жан-жақты дамыған, діни сауаты жеткілікті жастар - ертеңгі қауіпсіз қоғамның кепілі болмақ.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар