Жастарды қолдау аясы кеңейе түсті - Жансерік Жұман

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жастар кадр резерві жобасының жалғасатынын айтып өтті. «Бұл - жастар үшін үлкен қолдау» дейді Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Жансерік Жұман.

«Мемлекет басшысы еліміздің болашақ даму жоспарын айқындап, алда тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Онда жаңаша ойлауды қалыптастыру - мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тəсілдерді енгізудің тетігі екендігін жеткізді. Бұл бағытта Президенттің жастар кадр резерві жобасы нәтижелі жүзеге асып келеді. Тың тəжірибенің алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізген ел Президенті асқақ арманы мен нақты мақсаты бар жастарды тағы да бір қуантып өтті», - дейді ол.

Жалпы Президенттің тапсырмалары жастарға үлкен қолдау болып отыр.

Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыссыздықты, əсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.

«Бұл бағытта Үкіметке «Жастар тəжірибесі» жəне «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Халықтың əлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды екендігін айта келе, Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есе – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеді. Бұл да болса - жоғары оқу орнын енді бітірген жастар үшін үлкен мүмкіндік деп білеміз» - дейді ол.

Жансерік Бауыржанұлы халық тығыз орналасқан өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық бағыттар бойынша 10 000 грант бөлу жоспарланып жатқанын атап өтті.

Олардың қатарында Түркістан облысы да бар.

«Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керектігін атап өтті. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келгенін айтты. Әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңарту қажеттігін жеткізіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу керектігіне тоқталды. Міне, мұның баршасы ел ішіндегі үлкен мәселелер деп білемін. Алдағы уақытта елдегі жұмыссыздық азайып, кәсіпкерлерлікпен айналысушылар қатары көбейетін болады. Президент қойып отырған негізгі міндеттің бірі де осы. Мемлекет басшысы өз баяндамасында халықтың көкейінде жүрген өзге де мәселелерді дөп басып жеткізді. Біз Президент ұсынған бастамаларды толық қолдаймыз және Жаңа Қазақстанды Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге құрамыз» - дейді жас депутат.


Соңғы жаңалықтар