Жастарды баспанамен қамтитын «Абай жастары» бағдарламасына 513 өтініш түсті

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында жастарды баспанамен қамтитын «Абай жастары» бағдарламасына 513 өтініш түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12 қаңтар күні «Абай жастары» бағдарламасына құжат қабылдау аяқталды.

«Барлығы 513 адамнан өтініш түсті. Конкурстан өткен жағдайда қатысушыға бұл туралы хабарланады. Егер қатысушы белгіленген уақытта келмеген жағдайда, бағдарламаға қатысуға кезекте тұрған келесі өтініш берушіге мүмкіндік беріледі. Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш беруші өзіне сатып алуға баспана табуы керек», - делінген ақпаратта.

Ол үшін оған 30 күнтізбелік күнге дейінгі уақыт беріледі. Содан кейін 15 күн ішінде өтініш беруші келісім-шарт жасауға міндетті. Егер қандай да бір себептермен қатысушы өз міндеттерін орындамаса, әкімдік тағы да қатысуға жолдаманы тізімдегі келесі адамға береді.

«Үміткерлер тізімі баллдық жүйені ескере отырып, санаттар бойынша қалыптастырылды. Осы жылдың екінші жартысында бюджет қаражатына сәйкес «Абай жастары» бағдарламасы жалғасын табады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар