Жастар жылы: студент-еріктілердің шәкіртақысына 30 пайыз ақша қосылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай Жастар жылы аясында Петропавлда еріктілер мектебі ашылмақ. Сондай-ақ, түрлі шараларда белсенділік танытқан студент-жастардың еңбектері еленіп, олар шәкіртақыны 30 пайыз үстемемен алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында Жастар жылына арналған іс-шаралардың жоспары құрылып, студенттермен кездесу өтті. «Жас Отан» ЖҚ мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған шараға қалалық мәслихат депутаттары, Петропавлдағы жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Елбасы тапсырмасы бойынша ерікті болып жүрген студенттердің шәкіртақысына 30 пайыз ақша қосылады. Сондай-ақ біз еріктілер мектебін ашамыз. Мектеп, жалпы бұрыннан бар, бірақ еш жерде тіркелмеген болатын. Енді әрбір студент еріктінің куәлігін алып, сол құжат арқылы оқу орнында ерікті екенін дәлелдеп, жоғары шәкіртақы алады», - дейді «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ жетекшісі Абылайхан Қайроллаев.

Елбасы тапсырмасы бойынша Жастар жылында жастарға қолдау көбейеді. Ал, өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысамын дегендерге елімізде қашанда жол ашық. Оған көз жеткізгендердің бірі - Петропавл қаласының тұрғыны Сәлімхан Сәбитов. Сәлімхан - Ш.Шақшақбаев атындағы қимыл-тірек аппараты зақымданған балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы инклюзивті мектеп-интернатының түлегі. Екінші топ мүгедектігі болғанына қарамастан ол жақында Қазақстан бойынша теңдесі жоқ автомектеп ашты.

«Мен мүгедек балаларға арналған автомектеп ашқаныма өте қуаныштымын, себебі ол тек өз арманым емес, өзім сияқты басқа да балалардың арманын жүзеге асырып, оларға мүмкіндік беріп, олар да қоғамға өз үлесін қоссын деген ой. Бұл жобаның Қазақстан бойынша аналогы жоқ, бүгінгі күнде екі автокөлік бар, 13 адам оқығысы келіп жатыр, осы ақпан айында автомектеп ашылады», - дейді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тең жол» автомектебінің негізін қалаушы кәсіпкер Сәлімхан Сәбитов.

Петропавлда ақпан айында облыстық Жастар форумы өтіп, наурыз айында еріктілер мектебі ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар