Жастар жылы: БҚО-дағы студент орталығында 35 қызмет түрі көрсетіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен күзде ашылған студенттерге қызмет көрсету орталығы жастар үшін қолайлы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрын студенттер анықтама алу үшін бірнеше кабинетті жағалап жүретін болса, енді осында келіп, «бір терезе» қағидатымен бәрін де уақытында ала алады.null

Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Жанна Құбашеваның айтуынша, ЖОО ректоры Асқар Нәметовтің бастамасымен ашылған орталықта 35 қызмет түрі көрсетіледі. Ең бастысы, мұнда жұмыс сапалы әрі жылдам атқарылады.

Алты бөлімнен тұратын орталық университеттің барлық факультеттерін қамтиды. Орталық жұмыс жасағаннан бері 1500 анықтама, 500-ден астам транскрипт берілді.

«Студенттер оқу семестрінің басында және аяғында көбірек келеді. Айталық, кредиттік технология бойынша білім алу үшін оқу семестрінің басында пәндерге тіркелу керек. Сонымен қатар басқа мамандыққа немесе өзге оқу орнына ауысу үшін де транскрипт аларда еш қиналмайды. Яғни кез келген анықтамаға уақтылы қол жеткізеді. Осында бухгалтер де жұмыс жасайтындықтан, төлемақыларды тез төлей алады. Түрлі шәкіртақы бағдарламаларына қатысуға өтініш жазып кете алады. Студенттердің өндірістік машықтан өтуін де ұйымдастырамыз. Мысалы, «ҚПО б.в.» компаниясына өндірістік тәжірибеден өтердің алдында осында келіп, екі-үш минуттың ішінде өтініш алады. Сол секілді анықтама беру де өзінің ерекшелігіне қарай 2-3 күннен аспайды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Құбашева.

Студенттерге қызмет көрсету орталығының өздеріне ыңғайлы екендігін осында келген жастар да атап өтті. Экономика және бизнес факультетінің 1-курс студенті Қыдырбек Қуанғалиев сырттай оқуға ауысу үшін анықтама алуға келгендігін білдірді. Ал ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің 4-курс студенті Берман Исаев бұрынғыдай кабинет іздеп, уақыт жоғалтпайтынын, бәрін бір жерден алуға мүмкіндік жасалғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын аталмыш университетте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылғанын жазған болатынбыз. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына ерекше мән берілген болатын.

Соңғы жаңалықтар