Жастар жылы: Ауыл шаруашылығы саласын дамытқым келеді - студент

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 3-курс студенті Азамат Құлтаев болашақ маман ретінде ауыл шаруашылығы саласын дамытқысы келетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімін аталмыш университет студенттері де (барлығы 2500-ден астам адам) тікелей эфирден тамашалады.

Солардың бірі, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінде білім алып жатқан А.Құлтаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді қозғай отырып, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білудің қажеттігін атап көрсетті.

«Шындығында да жастардың ауылға бет бұруы қазіргі кезде өте маңызды. Мысалы, мен өзім арқар-меринос қойын өсіру және оларды көбейту жұмыстарын қолға алар едім. Армандардың орындалуы үшін алдыңа биік мақсат қоя білу керек. Соның бірі - магистратураға түсу. Ең бастысы, келешекте ауыл шаруашылығын дамыту арқылы елімізді одан әрі гүлдендіруге өз үлесімді қосқым келеді», - деді Азамат Құлтаев.

Осы факультеттің 2-курс студенті Гүлбағдат Жамалова да өз пікірін былайша білдірді. «Салтанатты жиын барысында еліміздің жастары өздері жүзеге асырған табысты жобаларын таныстырды. Жастар жылында мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған істер жүзеге асады деген үміттемін. Президент жастардың барлық санатын қолдауға арналған жобалар мен әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керегін атап өтті. Білім мен ғылымға көңіл бөлініп, гранттар санының артатыны да айтылды. Бұл - студенттер үшін қуанышты жағдай», - деді ол.

«Биылғы жылдың жастарға берері мол болмақ. Тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім секілді Елбасы тоқталған тақырыптар көңілімізден шығып, мемлекет тарапынан қолдаудың бар екенін сезіндік. Осының нәтижесінде біз, жастар, алдағы уақытта айқын мақсатпен мемлекет үшін еңбек етуге дайынбыз. Әсіресе, бір минуттың ішінде 1200 оқулықты кирилл жазуынан латын графикасына аудара алатын бағдарлама жасаған жас өрендердің барына қуандық. Осындай дарынды жастардың еліміздің әр өңірінен шығатынына сенімдіміз», - деді машина жасау факультетінің 4-курс студенті Наурызбек Тұрлыбеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы университетте студенттер орталығында 35 қызмет түрінің көрсетілетінін жазған болатынбыз.

null

Соңғы жаңалықтар