Жастар жылы: Ақтөбеде 22 мың жас жұмысқа орналасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында биыл 22 мың жас жұмысқа орналасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар жылы аясында Ақтөбе облысында бірнеше іс-шара бекітілген. Алдымен 22 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспары тұр. Кем дегенде 150 жасқа пәтер беріледі. Алғашқы 50 пәтердің кілті кеше тапсырылды.

«Жасыл ел» жасақтарына сұраныс жоғары екендігі ескеріліп, биыл жауынгерлер саны 6 мың адамға жеткізіледі. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 610 адам оқуға жіберіледі. Ал 200 жас шағын несие алады. Жастардың стартап жобаларына 40 млн теңге қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам жас кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылады. 300-ден астам жас шағын несие, грант алады. Өткен жылы Дүниежүзілік даму банкі қолдауымен осал топтағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Zhas Project» жобасы жақсы нәтиже берді. Жоба аясында 165 жастың әлеуметтік жобасы қаржыландырылды. Өңірлік жоба банктер мен қорлардың қаржылай қолдауы арқылы жалғасын табады», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, Жастар жылы аясында 200-ден астам жас дәрігер жұмыспен қамтылады. 1000 жас дәрігер республиканың озық клиникаларында және 20 жас маман шетелдік емдеу орындарында өз кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік алады.

Соңғы жаңалықтар