Жастар ұйымдарын дамыту мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Ораловтың төрағалығымен министрлігі жанындағы Жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің онлайн отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үйлестіру кеңесінің отырысында 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі Кешенді жоспардың жобасы талқыланды, оған республикалық жастар ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлері қатысты.

Отырысты ашқан А. Оралов отырыстың барлық қатысушыларын Халықаралық жастар күнімен құттықтады.


Отырыс барысында жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш. А. Байманов Қазақстан Республикасының жастарды қолдау жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын таныстырды.

Сонымен қатар, отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері, республикалық жастар ұйымдарының басшылары, атап айтқанда «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» ҚБ атқарушы директоры Л. Демисинова, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы РҚБ төрайымы Д. Сәдуақасова, «ҚСА» Республикалық студенттік қозғалысы ҚБ президенті И. Түстікбаев, «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Т. Болысов сөз сөйледі.


А.Р. Оралов бүгінгі таңда осы жобаларды қазіргі заман шындығын ескере отырып жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспардың әзірленген жобасы Қазақстанның орнықты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыруға бағытталуы тиіс, оның шеңберінде олардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әрбір жас тобына сараланған тәсілдерді көздеу, жобалық басқару қағидаларын енгізу қажет.

«Аталған кешенді жоспар жастардың алдағы уақыттағы сұраныстарына барынша жауап беруі тиіс, бұл өз кезегінде іске асырылып жатқан жобаларға жаңа серпін беруге мүмкіндік береді, ал олардың өзара іс-қимылы мен өзара толықтырылуы жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жүйелілігін қамтамасыз етеді.


Біз жастардың қолжетімді және сапалы білім алуына, кәсіби даярлық тан өтуге және жұмысқа орналасуға, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға, өз әлеуетін толық көлемде іске асыруға күш салуымыз керек», - деп атап өтті вице-министр.

Іс-шара соңында Асхат Оралов отырыстың барлық қатысушыларын халықаралық жастар күнімен тағы да құттықтап, барлығына денсаулық пен табыс тіледі.


Соңғы жаңалықтар