«Жастар синергиясы» форумы аясында үздік стартап жобалар анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастардың стартап жобасына республиканың әр өңірінен іріктеуден өткен 40-қа жуық жоба қатысып, ішінен ең үздіктері таңдап алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумның ерекшелігі - жобаларын сәтті жүзеге асырған ел жастарының тәжірибесін көпшілікпен бөлісу.

«Табысты жобалар шеруі» алаңында қазіргі уақытта жобаларымен жұмыс істеп жатқан «Байсерке-Агро» агрохолдингі құрылтайшысының кеңесшісі К. Павлов заманауи ауылшаруашылығында органикалық өнімдерін өндіру жағдайындағы қолданылып жатқан инновациялар мен технология жаңалықтарымен бөлісті.

Сондай-ақ, «Ауыл - мемлекет тірегі» презентациясымен жобаның құрушысы Д. Корепанов, «Жаңа шешім» білім қорының бас директоры В. Ким балаларға тіл үйретудің жаңа әдістемелерімен бөліссе, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы М. Бектұрғанов бионикалық протездердің жасалу тарихымен, табысқа жету жолындағы қиындықтар және жетістік жолдарын табу әдісімен бөлісті. 

Қатысушылар жоба авторларына жан-жақты сұрақ қойып, жарияланған тақырып кеңінен тарқатылды. Тәжірибелі мамандар «арманыңнан бас тартпа» деп, жастардың жүрегінде құлшыныс энергиясының тетігін басқандай әсер қалдырды.

«Синергия форумы Елбасының бастамасына сәйкес жастардың тың идеясы мен стартаптарын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бұның барлығы жастар мен олардың тың жобаларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілуде. Себебі үздік деп танылған стартап жобалардың авторлары өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Шараның басты мақсаты - жастарға жол ашу, басын қосу, бұл өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуын білдіреді», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко.

«Жастар синергиясы» форумы аясында үздік деп танылған стартап жобалар:

«Бизнес және рухани қоғам» номинациясында Бауыржан Салықов, «Арман- болашақтың мектебі» жобасы;

«Болашаққа бағдар» номинациясында Тимур Рысбеков, «Maria system Ide» жобасы;

«Green Startap» номинациясында Айнұр Әбілтаева, «СҚО-дағы дәрілік өсімдіктер жиынтығы және Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары үшін шикізат дайындау» жобасы;

«Ең креативті идея» номинациясында Диана Аралбаева, «Гофрокартон» жобасы;

 «Туған жер» номинациясында Айдар Бексұлтанов, «Этноконструктор» жобасы;

«Үкілі үміт» номинациясында Айбек Идаятов, Самал Мұхтарова, «Бізбен бірге оқимыз» жобасы.

Стартап жеңімпаздары мен  қатысушылары  дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Форум соңында қазақстандық эстрада артистерінің қатысуымен мерекелік  концерт қойылды. Сондай-ақ, қонақтар үшін  EXPO-2017 Нұр Әлем, ҚР «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы», «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Алланың гүлі» жаңа мешіті нысандарына экскурсия ұйымдастырылды. 

Соңғы жаңалықтар