Жастар саясаты туралы заңға 2015 жылдан бері жүйелі өзгеріс енбеген – депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы Парламенттің бірлескен жетінші шақырылым отырысында Мемлекет басшысы жастар саясаты туралы заңды жетілдіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ, оның әрбір Жолдауы мен сөздерінде жастарды қолдау бойынша нақты тапсырмалар беріліп келеді. Осы ретте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді», - деді депутат Елнұр Бейсембаев Мәжілістің жалпы отырысында қосымша баяндамада.

Атап айтқанда, жастарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер, жастардың даму индексі, жастармен жұмыс жөніндегі маман сияқты ұғымдарды қолдану мен оларды заңнамалық бекіту қажеттігі туралы айтылды.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін, біліммен немесе кәсіби дайындықпен айналыспайтын және жұмыспен қамту саласынан тыс қалған жастармен қызметін жетілдіру мақсатында осы терминді заңды тұрғыда бекіту ұсынылады.

Яғни, аталған санатты мемлекеттік органдар құзыреті шеңберіне топтастыру қарастырылып отыр.

«Заң жобасының мақсаты – мемлекеттік жастар саясаты саласындағы қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру. Оған қоса, аталған заңнама аясында жастар мәселесін біріктіруші координациялық орталықтандыру жұмыстарын нормативтік-актілердің шеңберінде пысықтауымыз қажет деп есептеймін. Жастарды дамыту индексі жастар саясатын іске асыру, мониторинг, бағалау тәсілдерін біріздендіруге және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік, әсіресе, жергілікті органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған норма болуы маңызды. Ол үшін оны іске асыру тетіктерін жан-жақты қарастырып, бұл мультипликативті эффект беретін жүйелі өзгеріске айналуы қажет», - деді Е. Бейсембаев.

Аталған заң жобасы 2021 жылғы 30 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңына жүйелі өзгерістер 2015 жылдан бері енгізілмегенін атап өткім келеді. Осы орайда, заң жобасын даярлауда жұмыс тобында мемлекеттік орган өкілдері, белсенді жастар ұйымдары, Президент кадр резерві мен Президент жанындағы кеңес мүшелері, қоғамдық пікір белсенділері атсалысты. Қазірдің өзінде, жұмыс тобының 11 отырысы, өңірлердегі арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Баяндалғанды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауыңызды сұраймын», - деді Е. Бейсембаев.

Нәтижесінде отырысқа қатысқан 97 депутат заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастар саясаты туралы заң жобасында қандай жаңашылдықтар бар екенін түсіндірген еді.

Заң жобасында «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары», «Жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту» ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылған.


Соңғы жаңалықтар