+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 386.70 EUR 427.15
RUB 6.06 CNY 54.57
Jańalyqtar

Жастар өзге елдердегі шейхсымақтарды тыңдап жатқаны өкінішті - исламтанушы Руслан Қайыргелді

2019 жылғы 12 қыркүйек 11:18
Бөлісіңіз:
Жастар өзге елдердегі шейхсымақтарды тыңдап жатқаны өкінішті - исламтанушы Руслан Қайыргелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі қоғамда жат діни ағымдарға бой ұрған жастар саны көп. Олар бұндай сенімге қалай келеді? Ұстаздары кімдер? Оларды райынан қайтару мүмкін бе? Мүмкін болса, ол қалай жүзеге асырылады? Осы сұрақтарға жауап іздеп Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының директоры, исламтанушы Руслан Қайыргелдімен сұхбаттасқан едік...

Ұқсас жаңалықтар
Алматыда имамдар біліктілігі бойынша бақ сынады Кәкімжан Бишманов: Зайырлылық - Қазақстанның маңызды тарихи жетістігі Кез-келген зайырлы қоғамда мемлекеттік рәміздерге құрмет салтанат құруы тиіс - Нұрмұхаммед Мейманқожа

- Руслан, оңалту орталығында діни көзқарасы айқындалған адамдарға кеңес беріледі, бүгінде ондай кеңес алушылардың саны артып келе ме, азайды ма?

- Жат діни ағымдардың мәселесі Қазақстанда ушығып бара жатыр. Басында оған ешкім мән бермеді, үлкен проблема болады деп те ойламады. Мемлекет те, арнайы органдар да, қарапайым халық та бұдан қауіп келетінін білмеді. Міне, бүгінде осындай қауіпті дәрежеге жетті. Уахаби, мадхали, сурури, таблиғилардың саны барған сайын артып барады деп айта алмаймыз. Өйткені, соңғы уақытта олардың шейхсымақ, ғалымсымақтары ұсталып жатыр. Бірақ, өкініштісі, олардың өкшесін басып келе жатқан шәкірттері шығып жатыр. Олар әрине, шет елде отырады, интернет арқылы Қазақстан жамағатымен байланыс орнатқан. Қажылыққа барған мұсылман бауырларымызды күтіп алып, азды-көпті ақпараттарын үйретіп жібереді. Көбіне шет елдегі уағызшылар интернетті пайдаланады.

Оларды ұстау, анықтау қиын ба, арнайы терең діни білім қажет пе?

- Түсіндіру, ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізген сайын олар да қуланып, айлакер болып алды. Өз ұстанымдарын білдірмес үшін мұсылманға өте ауыр болса да өтірік айта салады. Дінтанушымен сөйлесу барысында пиғылын жасыру үшін қулық-сұмдықтың неше түрін жасайды. Бұл олардың өз ұстанымдары емес, оларға осылай істеңдер деп шет елдегі жетекшілері, ұстазсымақтары нұсқау берген. Қай жат ағымды алып қарасаңыз да түбі жақсылыққа апармайды. Уахаби-салафилердің оның ішінде мадхалиі өте қауіпті. Неге десеңіз, олар сырттай мемлекет басшысын мақтайды, ашық қарсы шықпайды. Әмірге, Конституцияға бағыну керек деп айтқанымен, бұл – олардың уақытша ұстанымы. Жұмыс тәжірибемізден білгеніміз, олардың бұл әрекеті уақытша, бет перделерін жасыру үшін жасалып отырғаны бірнеше рет дәлелденді. Олардың шейхсымақтарынан пәтуә келгенде бұл пікірлерін бір сәтте-ақ өзгерте салады. Мадхалдардың негізін салған шейх Мадхалидің шәкірті Абдулла Бухари деген кісілер қазір басқа позицияда жүр. Мадхалилер кезінде осы кісінің шәкірттеріміз деп ұрандайтын, қазір өздері бөлініп кеткен. Мәселен, Шейх Яхия әл-Хаджури Мадхалиге қарсы. Осылардың шәкірттері Руслан Абу Ибрагим деген Хаджуриді насихаттаса, Мадхалидің шәкірттері Назратулла мен Ділмұрат екеуі бөлек үгіт жүргізеді. Бұлар осы уақытқа дейін Орталық Азияға ықпалын жүргізіп келді. Бұлар бір біріне оппонент. Олардың бір бірімен таласып жатқанынан бізге келіп кетер несі бар деп ойлаймыз ғой, бір қарасаң бізге қатысы жоқ та сияқты болып көрінеді. Қырылысып жүре берсін бір бірімімен деп ойлаймыз. Өкінішке орай, соларды тыңдайтын адамдар бір біріне қарсы. Мысалы, қазір Алматы мен Батыс Қазақстанның жамағаты екі бөлек. Батыс Қазақстандағы уахабилер шейх Яхия Хаджуридің шәкірттері болса, Алматыдағы жат діни ағым жамағаты Ділмұрат пен Назратулланың шәкірттері. Олар бір-бірімен мешітте амандаспайды да, сәлем берсе, екіншісі сәлемін алмайды. Бұл мұсылман үмбеті үшін өте ауыр, себебі Пайғамбарымыз сәлемді таратыңдар, бейбітшілікті алып келеді деген. Мұсылманның бір-біріне сәлем беруі сүннет, сәлем қайыруы уәжіп. Міне, сүннет, уәжіп сияқты амалдардың өзі мұсылмандар үшін ауыр болып барады. Қазақстандағы мұсылман үмбеті үшін бұл ауыр соққы. Бір дәрісінде Назрталулла абу Мариямға Мадхалидің шәкірті сұрақ қояды: - Ханафи мәзхабы, Матруди ақидасындағы қызға үйленуге бола ма, - дейді. Ол: - ағузу биллә, болмайды, - дейді. -Неге?, - десе, - ғалымдар ақидасы адасқан адамдардан айналып өтетін, себебі сөйлесіп қалса, өз сенімін әлсіретеді деп ойлайтын. Тұрмысқа шығатын болса, ақиқи ақидаңнан айырылып қаласың, - дейді. Ойлап қарасаң, мұсылман үмметі тағы да бөлініп отыр.

- Сондай жік-жікке бөліп отырған адамның артынан көзсіз ере бере ме?

- Назратулла Абу Мариямның да бір айыбы шығып, өтірігі ашылып қалды. Олар тәзкияға, яғни кімнен білім алғанына қатты мән береді. Анау жылы Назратулланың жұлдызы жанып тұрған шағында Шейх Бухаридан пәлен жыл білім алдым деп, пәлен кітаппен бітірдім деп өзіне ұпай жинаған болатын. Шәкірттері біздің шейх ана шейхті таниды екен деп даурығып біраз жүрді. «Мен одан иджаз алдым» деп айтқан. Кейін оның иджаз алмағаны ашылып қалып, басқаша сөйледі. «Мен негізі иджазға қызықпайтын адаммын, шейхтің алдында пәлен жыл білім алдым» деп басқаша сайрады. Иджаз –диплом сияқты берілетін рұқсат. Иджаз алдым деген шейх оны танымайтын болып шықты, сөйтіп жамағаты алдында ұятқа қалды. Сонда да оны ескермей, ізінен ерушілер соқыр сеніммен құрдымға бара жатыр.

- «Бас басына би болған өңкей қиқым» деп Абай атамыз айтпақшы, мұндайлардан не қауіп?

- Саяси тұрғыдан қарайтын болсаңыз, өте қауіпті. Оның ізінен ерушілер бүгін басшыға бағыну керек деп сөйлесе, ертең сол шейхтары пікірін өзгертетін пәтуә шығарып берсе, бірден құбылады. Олар позициясын ауыстыра салады. Себебі, салафи-уахабилердің ішінде ең көбейіп жатқаны – осы мадхалилер. Олар көбейгенде, күш алғанда, ықпалын жүргізе алатындай жағдайға жеткенде ойларын, позицияларын өзгертуі мүмкін. Соққы, нақты қауіп сол кезде болуы ықтимал. Негізгі қауіп осында! Мұны жасырмай айту керек. Бұл адамдар намаз оқиды, сақал қояды, бірақ қарапайым халық байқай бермейтін мұсылманшылықтан ада қылықтар жасап жүр. Пайғамбарымыздан мұра болған көркем мінез қалып барады. Амандасу, сәлемді тарату, адаммен жылы қарым-қатынас жасау қалып барады. Шейхсымақ, ғалымсымақтардың соңынан соқыр сеніммен ергендер шынайы мұсылмандықтан алшақтап барады. Мұның бәрі діни білімсіздіктен деп ақтап алуға да болар, бірақ Құдай адамға ақыл берген ғой, «Қайда бара жатырмын? Неге мені осылай үйретіп жатыр?» деп ойланып, кітаптарды ашып, Пайғамбарымыздың өмір жолын қарап ойлану керек.

- «Маған сендердің емес, Алланың заңы маңызды» деп Алматыда қырғын салған Руслан Күлекбаев мадхали болды деген пікірлер айтқан болатын.

- Мен сараптамаға қатысқаным жоқ. Қандай ақидада болғанын білмеймін. «Жусан» операциясымен елге оралған бір әйел адам айтады: «Мұсылман мемлекетінде әділдік бар деп ойлап бардық. Сирияда көршіміз күйеуімнің велосипедін ұрлап кетті, кім ұрлағанын білеміз, бәрін тәптіштеп айттық, бірақ әділ шешім қабылданбады», - дейді. Адамдар идеалды қоғам іздеп осындай жат ағымдарға ұрынады. Біздің орталық мамандары бір жылдың ішінде 1000-ға жуық адаммен сөйлеседі. Соның ішінде сотталғандармен де жұмыс атқарамыз. 25 адам райынан қайтты. Адамды ұстанған сенімінен қайтару ең ауыр жұмыс. Пәлен жыл бойы әбден сіңірген нәрсені қайтару оңай емес.

Бір күні орталыққа бір ағамыз баласын ертіп келді. Баласы мадхали ұстаздарын ұйып тыңдайтындардан екен. Оқталып келіпті, бірден өзінікіне көшті. Мұқият тыңдадық, сосын барып ашықтап айтып бердік. 30-дан асқан жігіт екен, әкесімен шарттасып келіпті. Кез келген діндарды «орнына қоямын», егер менікі дұрыс болса, мен сияқты намаз оқисың деп әкесіне шарт қойып келіпті. 1 сағат 45 минут сөйлескеннен кейін сабасына түскендей болды. «Ділмұрат түрмеге түсті, енді білімді қайдан аласың?» десек: «Ол ақиретке дейін жететін білім тастап кетті», - дейді. Сонда Пайғамбар хадистері, Әбу Ханифа мәзхабы қайда қалды. Ділмұрат деген – жат діни ағым жетекшісі, ұлты өзбек, Қазақстан азаматы. Назратулла ұлты да, азаматтығы да тәжік. Бірақ, Қазақстанға ықпал жүргізіп келді. Белгілі күштерге керек адам ғой. 2000 жылдары оны Тәжікстаннан депортация жасады. Жаңағы жігітпен сөйлескеннен кейін бірге келген ағасы мен әкесі риза болып кетті. Біз мұндай адамдармен сөйлеспес бұрын бірінші диагнозын анықтап аламыз, қай ағымға жататынын білеміз.

- Диагнозды қалай анықтайсыздар?

- Ақидада белгілі сұрақтар бар, сол арқылы анықтаймыз. Сұхбаттар бірден нәтиже бермейді, бірақ ойланып қалады. Кейін телефонмен хабарласып тұрады. Бірақ адамды райынан қайтару өте ауыр. Негізі, салафиттерге қатысты Қазақстанның саясаты өте гуманды. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Шет мемлекеттерде ондай жоқ. Ешкім ақпараттық насихат жүргізбейді, бір-екі рет ескертеді, болмаса, қылмыстық кодекс бабы бойынша шара қолданады. Біз Әбу Ханифа, Матруди ақидасын қолдаймыз. Шейхсмақтар имам Матрудиді мойындамайды. Әбу Ханифаның кітаптарын бұрмалайды. Адасушыларға ол кісінің екі кітабын ашып көрсетеміз, кескілеп, қиып, үзіп алған сөздерді толығымен ашықтап береміз де ұстазыңнан сұра деп жібереміз.

- Шет елде отырып интернет арқылы басқарады деп айтамыз, соларды интернет арқылы таныстырып беретін біреулер бар шығар Қазақстанда.

- Міндетті түрде. Олардың осында жетекшілері бар. Көзге көрінетін заңсыз әрекет жасамағандықтан, заңға қайшы бір үйге топталып жатпағандықтан оларды ұстай алмайды. Ақырын білдіртпей жұмысын істеп жүре береді. Жетекшілері тапсырма беріп, соңғы тапсырманы пәтуаны жеткізіп отырады. Қазақстанның солтүстік өңірлері бойынша жауапты мадхалилердің лидері Абдурахим Башбаев осыдан үш жыл бұрын ұсталған болатын. Оның тұтқындалуы мадхалилерге соққы болды. Бірақ, осыдан кейін олар тіпті астыртын әрекетке көшіп, қуланып алды.

- Жат ағымдардың ізінен кетуші негізі қандай әлеуметтік топ?

Өкініштісі, мадхали болсын, басқа ағым болсын арасында 50-ден асқан адам жоқ. Ізінен ерушілердің 95 пайызы 18-35 аралығындағы жастар.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Алматы, Дін, Қоғам,
Бөлісіңіз:

Автор:

Серік Жолдасбай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT