Жастар өздеріне беріліп отырған мүмкіндікті пайдалануы керек - депутат

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары еңбек ұжымдары мен өндіріс орындарында, білім ордаларында кездесулер өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжіліс депутаттары Ержан Құдайберген, Иван Клименко, Михаил Чирков және Геннадий Шиповских Жоғары аграрлық-техникалық колледжде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.null

Соның ішінде 3D ақпараттық дизайн кабинетінде болып, оқытушылармен, жастармен пікірлесті.

Мәжіліс депутаты Ержан Құдайбергеннің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда жастарға беріліп отырған мүмкіндік көп, тек соны пайдалана білу керек.

«Колледж жұмысын көріп, көңіліміз толды. Елімізде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың көпшілігі осында оқытылады екен. Маңғыстау, Атырау облыстарынан келіп, білім алып жатқан жастар бар екен. Күні бүгін әлемнің дамыған елдерінде ғылым алға озып кетті. Оларда 4 және 5D үлгілері қолданылуда. Әрине, 3D үлгісі бойынша да көп нәрсеге үйренуге болады. Ең бастысы, бұл жастардың өз мамандығын игеріп, болашақта жетілдіре түсуіне мүмкіндік береді», деді депутат.null

Ержан Құдайбергеннің сөзіне қарағанда, Мәжіліс депутаттары «Nur Otan» партиясының тапсырмасымен жылына төрт рет, жоспарлы түрде өңірлерге шығып, халықпен жүздеседі.

«Мұндағы мақсат - елдің жағдайымен танысу. Қабылданып жатқан заңдар, олардың қолданылуы қалай, кем тұстары бар ма, міне, осыларға көз жеткіземіз. Әр депутат - түрлі мамандық иесі. Соған байланысты өз түйген-білгендерін айтады. Батыс Қазақстан облысында халықпен жүздесіп жатқанымызға бүгін үшінші күн. Тұрғындармен кездесіп, олардың да ұсыныс-пікірлерін білудеміз. Маңыздылары алдағы уақытта Парламент қабырғасында талқыға салынып, ескерілетін болады», деді Ержан Құдайберген.

Мәжіліс депутаттарының өңірдегі сапары 3-4 мамыр күндері де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар