Жастар өз алдында қандай мүмкіндіктер тұрғанын нақты түсінгісі келеді - Тоқтар Болысов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар өздері үшін өмірде жүзеге асыруға көмектесетін басым құндылық ұстанымдарын, трендтерін, кәсіптерін нақты айқындауы тиіс. Бұл пікірді Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президентінің сөйлеген сөзі ақпараттық алаңда, оның ішінде жастар ұйымдары арасында үлкен талқыға түсті, онда еліміздің бірінші кезектегі әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды мәселелері қозғалды. Соңғы жылдары біз жастардың азаматтық қоғамға қалай белсенді араласып жатқанын көріп отырмыз және сәйкесінше бұл мәселелерге қатты қызығушылық танытамыз. Сондықтан, бүгінгі таңда жастар өз болашағы туралы алаңдайды және олардың алдында қандай перспективалар тұрғанын нақты түсінгісі келеді. Президент Үкіметтің алдына халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, қосымша жұмыс орындарын құру, халықтың табысын арттыру бағдарламасын жасау міндетін қойды. Мемлекет басшысы 1 миллионға жуық халықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен екенін атап өтті. Шын мәнінде бұл үлкен көрсеткіш және ол біздің жастарымызды қатты алаңдатады. Осы мәселелерді шешу жастарға өз болашағын Қазақстанмен тікелей байланыстыруға көмектеседі деп ойлаймын», - деді Т. Болысов.

Осы орайда ол алдағы уақытта жасалатын оңтайлы қадамдар жастардың шетелге қоныс аударуын тежейді деп санайды.

«Президент жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасын ерекше атап өтті. Өткен жылғы осы мәселе өткір болды – тамыз және қыркүйек айларында студенттердің келуімен жалға берілетін тұрғын үй құны, әсіресе Алматы, Шымкент және Нұр-сұлтан қалаларында күрт өсті. Бағаның өсуі қарапайым жас азаматтың қалтасына ауыр тиді. Сондықтан, бұл бағдарлама жастар мен жалпы халықтың тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының» зерттеулеріне сәйкес, жастарды толғандыратын басты мәселелердің бірі - тұрғын үй мәселесі. Президент өз сөзінде тұрғындар қала шетінде немесе қолайсыз аудандарда орналасқан әкімдік ұсынатын тұрғын үйді емес, өздеріне ұнайтын тұрғын үйді таңдай алатынын атап өтті. Тиісінше, студент немесе жас жұмысшы өз университетінің жанында немесе жұмыс орнына жақын жерде баспана таңдай алады, ал мемлекет жалдау ақысының 50 пайызын жабады. Бұл оның шығындарын үнемдеуге, өзін-өзі дамытуға, біліктілігін арттыруға немесе жеке бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, менің ойымша, бұл жақын арада әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен нәтижелер беретін қолайлы шешім», - деді Тоқтар Болысов.

Сонымен қатар ол Президенттің жұмысшы мамандықтарды танымал ету туралы сөздеріне тоқталды.

«Өкінішке қарай, жастардың белгілі бір категориясы бірден жоғары лауазымға ие болуға, үлкен жалақы алуға тырысады, бірақ сонымен бірге тәжірибесі мен қажетті дағдылары жоқ. Мұнда, әрине, жастарды кінәлау мүмкін емес, өйткені олар белгілі бір жемқорлардан, дұрыс емес өмір салтын ұстанған адамдардан үлгі алды. Мен қазір барлық мемлекеттік қызметкерлер туралы емес, оны айқын көрсеткендер туралы айтып отырмын. Осылайша, бірден көшбасшы немесе директор деңгейіне жеткенде, өмір бірден өзгереді деген жалған түсінік пайда болды. Егер адам адал жұмыс істесе, онда ол адал жолмен жүреді. Бүгінде сантехник, электрик, ТҚС жұмыскері, сырлаушы және басқа да жұмысшы мамандықтарының қызметтері ірі мегаполистерде өте қымбат тұрады. Сондықтан, жұмысшы мамандықтарының арқасында бизнестен гөрі көп ақша табуға немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге болады. Жастар өздері үшін өмірде жүзеге асыруға көмектесетін басым құндылық ұстанымдарын, трендтерін, жаңа форматтағы мемлекет құруға қатысу үшін кәсіптерін нақты айқындауы тиіс», - деді Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры.


Соңғы жаңалықтар