Жастар мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді пайдалана білуі керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді өздерін өсіру, дамыту үшін пайдалана білуі керек. Мұндай пікірді ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ Халықаралық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Ескендір Темірлан білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық әлемдік үрдістер қоғамды дамытуға, ең алдымен, өз тарапынан өзгеруге бейім - жастарға арналған нұсқаулық болып тұр. Жас ұрпақтың дамуына инвестиция салу стратегиялық инвестиция саналады және болашақта «мұнайымыз» - ол жастарымыз болмақ. Осы ретте олардың алға жылжуына жол көрсету өте маңызды. Білім, жұмыс, тұрғын үйдің болуы жастардың рухани дамуына да әсер ететіндігі сөзсіз. Мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді жастар өздерін одан ары өсіру, дамыту үшін пайдаланылуы керек. Жұмыссыздықтың төмен деңгейі, халықаралық білім беру кеңістігіне біріктірілген жүйе, тұрақты әлеуметтік сала және латын әліпбиіне көшу Қазақстан жастар үшін қолайлы жағдай жасайды. Ал Жастар жылы осы процестер үшін қосымша катализатор болады. Менің ойымша, өмір бойы білім алу, әлеуметтік интеллект, ұтқырлық, жаһандық бәсекеге қабілетті болу сияқты ұғымдар өмірлік ұстанымыз болуы тиіс», - деді ол.

Ғылыми қызметкер дерегінше, бүгінде шамамен 1,1 миллион қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, оның ішінде 100 мыңға жуық жас шетелде білім алуда. Қазақстан жастарының басым бөлігі мемлекетіміздің стратегиялық әріптесі саналатын Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы сынды елдерді таңдайды. Сонымен қатар ол Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиясы 25 жыл ішінде 12 898 жасқа берілгенін атап өткен

«Бүгінгі күні «Болашақ» түлектерінің 99 пайызы жұмысқа орналасып, жұмыс берушілер арасында үлкен сұранысқа ие. Олар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім, ғылым, мемлекеттік секторының дамуына зор үлес қосады. «Болашақ» бағдарламасының түлектері, сондай-ақ шетелде білім алған қазақстандық студенттер елімізді дамыту үшін оралып, жұмыс істеуде және әр түрлі қызмет салаларында мамандардың сапасын арттыруға жаңа серпін беріп отыр», - деді Ескендір Темірлан.

Айта кетейік, 23 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» Жастар жылының ашылу салтанаты өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар