Жастар конгресі аға-көкесіз табысқа жеткендерді іздеуге кірісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жастарының конгресі «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өз үміткерлерін ұсынады. Осыған орай, аталған ұйым «7 jalyn» атты республикалық жобаны жариялады. Соның аясында үздік жетілік анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйым басшысы Тоқтар Болысовтың айтуынша, конгрестің атынан жеті емес, одан да көп үміткер «100 жаңа есім» жобасына ұсынылады. Алайда «7 jalyn»-ға ерекше қолдау жасалады.

«Енді, қазақ халқы үшін «7» қасиетті сан екенін бәріміз жақсы білеміз. Сол себепті біз дәл осы санды таңдадық. Ал «jalyn» деп алғанымыз, нағыз жалындап тұрған жастар болсын деп тіледік. Негізі, біз барлық үміткерлердің ішінен 20-30 адамды таңдап, «100 жаңа есім» жобасына ұсынамыз. Дегенмен, олардың ішіндегі «7 jalyn»-ға ерекше қолдау жасалады. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығарамыз, қоғамдық шараларға тартамыз, қосымша инвестор іздейміз және тағысын тағылар», - деді Т.Болысов бүгін «7 jalyn» жобасын таныстыру рәсімінде. 

Оның айтуынша, бүгіннен бастап «7 jalyn» жобасы бойынша өтінім қабылдау науқаны басталды. Аталған кезең осы айдың соңына дейін жалғасады. Ал 15 қазанда жеңімпаздар анықталады. Талап бойынша үміткердің жасы 18-28 аралығында болуы тиіс. Оның өзі қызмет етіп жатқан саласында нақты жетістіктерге жеткен болуы шарт.

Жобаның негізгі мақсаты - табысты жастарды көрсету, олардың өмірлік жолын басқаларға үлгі ету.

«Аталған бастаманың идеологиялық мақсаты да бар. Біз таныс-тамырсыз табысқа жетуге болатынын көрсеткіміз келеді. Қазақстанда кез келген адам өз мақсатына аға-көкесіз де жете алады. Осыны көрсетуіміз керек. Ал «7 jalyn» соның бір дәлелі бола алады», - деп атап көрсетті Т.Болысов. 

Айта кетейік, жақында ҚР Кәсіподақтар федерациясы да өз үміткерлерін ұсынатынын мәлімдеген болатын. «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі аясында барлық өтінімдер келесі айдың ортасына дейін қабылданады. Одан кейін онлайн дауыс беру басталады. 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар