Жастар кадрлық резерві: Жапал Долиев аға-көкесіз қалай «өскенін» айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жастар кадрлық резерві» жобасы арқылы аға-көкесіз жақсы қызметке тұруға болады. Аталмыш жобаның 10 жылдығына арналған брифингте түлектер осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл «Жастар кадрлық резерві» жобасының іске қосылғанына 10 жыл толады. Атаулы күнге байланысты ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

«Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова биыл осы жоба арқылы 51 үздік жас резервке алынатынын айтады.

«Бұл идеяны 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарабев алғаш рет айтқан болатын. Уақыт жобаның тиімділігін көрсетті. 10 жылда 15 мыңнан астам жас қатысып, 468 жас ҚР Парламентінің қос палатасында, орталық мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда тәжірибеден өтті. Соның көбі қазір өздеріне артылған сенімді ақтады. Биыл сондай мүмкіндікке 51 жас ие болады. Оның 34-і - Парламентке, 17-сі - орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға таңдап алынады», - деді ол.


Осы жобаға алғашқылардың бірі болып қатысқан, қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы қызметін атқарып жүрген Жапал Долиев өзінің қызметте өсу жолына тоқталды.

«2008 жылы жастар форумына келіп, осы резерв туралы алғаш естіген болатынмын. 2009 жылы бағымды сынап, жолым болды. Жоба аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде іс-тәжірибеден өттім. Ауылдан шықтым деп отырмын ғой. Қой бағып жүргенде «Басымдағы ойлардың бәрі осы ауылда қалады ғой» деп ойлайтынмын. Сондықтан, бұл мүмкіндік мен үшін расымен әлеуметтік лифт болды. Сол кездегі ҚР Монополияларға қарсы агенттіктің конкурсына қатысып, жұмысқа тұрдым. Аудандық деңгейден облыстық сатыны аттап, бірден орталық органға жұмысқа алынуым ол кезде ертегі сияқты естілетін. Осы 10 жыл ішінде өзімнің өмірлік құндылықтарымды айқындадым. Тек шетелде оқып келген адамдар емес, қызметін ауылдан бастаған жастар да ел астанасында табысқа жете алатынын, ешқандай аға-көкесіз-ақ қызметте өсе алатынын дәлелдегім келді. Ол ойым іске асты деп ойлаймын», - деді Жапал Долиев.


Соңғы жаңалықтар