Жастар - елдің экономикалық һәм рухани дамуының локомативі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ халқы қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан қашанда жақсы үміт күткен халық. «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» дегеннің де түбірінде терең мән бар. Әсіресе ол биылғы жастар жылында ерекше екпінмен айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылында өткен форумдардың білім мен тәжірибе алмасуға, пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шаралардың жалғасатынын айтқан болатын. Бұл ретте жастардың бизнес-бастамаларын дамытуға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы экономиканың негізгі секторларындағы стартаптарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қызметі мен білімі жоқ жұмысқа орналаспаған жастардың мәселесіне де билік жіті назар аударады.

Жалпы, бүгінгі жастар, келер ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекеттігімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр. Биыл Қазақстанда Жастар жылы аталып өтті. Жастар сөзсіз - мемлекеттің экономикалық һәм рухани дамуының локомативі. Негізгі қозғауші күші. Ал білікті әрі білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарламасындағы негізгі басымдық берілген мәселе болды. Ол Мемлекет басшысының «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында айтылған.

Сол үшін де жастардық кадрлық резервін даярланып, ол - «Президенттік кадрлық резерв» деп аталды. Бірінші тамызыда басталып кеткен іріктеуге республика бойынша 35 жасқа дейінгі жоғары білімі мен 5 жыл жұмыс өтілі бар кез келген жас азамат қатысты. Өтінімдері онлайн жолдауға да мүмкіндік жасалды. Бұл елге ерекше қызмет етем деген жастар үшін әлеуметтік лифт екені сөзсіз. Түрлі салады үздік нәтижелерге жеткен жас қазақстандықтар резервке өту арқылы мемлекеттік лауазымдарға басқару лауазымдарына тағайындала алады.

«Президенттік кадрлық резервке» үміткерлерді іріктеу жыл қорытындысын жариялаған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жобасы жалғасады. Президенттік жастар кадрлық резерві - бір күндік бастама емес. Мұны еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақмерзімді саясат деп қарастырған жөн. Әзірге 300 адам таңдап алынды. Олар жауапты қызметтерге тағайындалады. Бұл жоба заман талабына сай жастардың ойынан шыққанын көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысты жалғастыру туралы нақты тапсырма берді. Жастар өсіп келеді. Жаңару процесі жүреді. Алдағы уақытта басқа да жастар кадрлық резервке енеді», - деді.

Сондай – ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі б кадр резервіне іріктелгендердің болашағы қалай болатыны туралы: «Жалпы алғанда бәрі бір сәтте тағайындалмайтынын ескеру керек. Жақын болашақта Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар мемлекеттік органдар мен Ұлттық компанияларда әртүрлі позицияда жұмыс істейтін болады. Қатысушылардың кейбірі карьерасын жеке секторда жалғастырғысы келуі мүмкін. Бұл - олардың құқығы, ол жаққа да жақсы дайындықтан өткен мамандар қажет», - деді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві бойынша мықты мамандарды іріктеу туралы тапсырма берілгенде оған он үш мыңдай жастар қатысқан еді. Айта кету керек, іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы - 31-де. Бұл ретте резервшілердің экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істейді және жұмыс істеген. Әрине бұл азаматтар еліміздің үлкен экономикасына өз үлестерін қосарына сенім мол.

Осы тұста айтылар орынды ой ретінде ауыл экономикасын да әлемдік стандарт деңгейіне көтеру қажеттілігіне тоқтала өтсек. Ауылдың амандығы – еліміздің амандығы дейміз. Ауыл – бар қазақтың алтын бесігі деген аталы сөзіміз де бар. Астанасына қарап елін таныса, ауылына қарап сол елдің әлеуметтік әлеуетін таниды.
Еліміздегі «Дипломмен ауылға» жобасының негізгі мақсаты — ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру.

Жоба аясында 100 АЕК немесе 252 500 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие қарастырылған.

«Дипломмен ауылға» жобасын жүзеге асыру кезеңінде 60 мыңнан астам маманға 7,4 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді, ал 27,5 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алуға 70,6 млрд теңге бюджеттік несие берілді.

Осы тұста өзім туып өскен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар уданындағы Қабанбай ауылы, ежелгі атауы Еңбек Қызыл Ту орденді «Жарбұлақ» асыл тұқымды қой совхозы тарихына тоқталсам деймін. Әйгілі «Ауылым» әні туған жер. Авторы ауылдағы Бейімбет Майлин атындағы орта мектептің мүғалімі ақын ағамыз Жәбейіл Бейсенов. Көз көрген көңілдегі суреттер осы әнде.

Кіндігімнің жас қаны,

Тамған жерім ауылым.

Шабытымның асқары,

Самғаушы еді ауылым.

Жастығымның куәсі,

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым.


1976 жылы КПСС ХХV-ші cъезінің делегаттары құрметіне «Ауылым» әнін Халық артистері ағайынды Абдуллиндер Мәскеудегі Кремль сарайында шырқаған.

Жыл сайын облыстың бірінші секретарлары келіп, бірде Брежневтің, бірде Қонаевтың марапатын тапсыратын. Совхоз бүгінгі ақшамен санағанда жыл сайын 1,5-2 миллион доллар таза пайданы коммунистік үкімет бюджетіне тапсыратын. Жарбұлақтықтар сол жетпісінші жылдардың ортасында Аустралиядан әкелінген қошқармен қазақи қойды шағыстырып, «Еміл» деген қошқарды Мәскеудегі ВДНХ көрмесіне апарады. Алтын медаль алып, бәйгеге сол кезде алғаш шыққан «Рафик» микроавтобусын совхозға әкелген.

Спортта да ерлеген. 1979 жылы қазақша күрестен өткен Қазақстан біріншілігінде жарбұлақтықтар жеке команда болып шықты. Нәтиже жүлделі екінші орын.

1970 жылы совхоз 5 миллион доллар пайдамен жылды қортындылайды. Директор Рақымғали Төлеубеков Еңбек Ері, өзгелерге орден-медаль табысталды. Ел үкіметінің шешімімен 8 шақырым іргедегі Қарабұлақ бөлімшесі жеке совхозға айналды. Осы Еңбек Қызыл Ту орденді «Жарбұлақ» асыл тұқымды қой совхозына Социалистік Еңбек Ері Рақымғали Төлеубеков отыз жыл басшылық жасады. Елді өсірді, жерді көркейтті. Қазақ ауылының әлеуметтік – мәдени тұрмыстық жағдайының қаладан кем еместігін дәлелдей алды. Бүгінгі әңгімеге сол совхозда қызмет атқарған үш азаматтың пікірін келтірмекпін. Ауылға нақты қамқорлық болса, Президенттік жастар кадр резерві бойынша мықты мамандарды басшылыққа тартса ауыл шаруашылығын көтеруге болатындығын байқаймыз.

Мәкен Қайыров, Еңбек ардагері

Бар ғұмырым ауылда өтті. Жетпіске жеткен жасымызда елордаға қоныс аудардым. Бала-шаға осында. Өмір көрген, өмірден түйгені көп ақсақалдың тәжірибесі елге қызмет жасаймын деген жастарға тәлім. Ауданымыздағы қариялардың басын жиып клуб аштым. Жас кәсіпкерлер арнайы орын беріп материалдық көмек көрсетуде. Біз ақылымызды айтамыз.

Рақымғали Төлеубеков менің ұстазым. Рақаң отыз жыл бір шаруашылықты басқарғанда жиырманың үстінде өзі секілді колхоз-совхоз директорларын, облыс деңгейіндегі мықты бас мамандарды тәрбиелеп шығарды. Қызметтік жолда өсе келе өзім ұстазыма басшы болдым. Мақаншы ауданындағы жиырмаға тарта шаруашылықтың жай-күйіне жауапты жоғары лауазым атқардым.

Жалпы қарап отырсам, қазір бір биліктің тізгініне жас азамат келсе айналасын өзі секілді жастармен толтырады. Сол мекеменің кешегісін білетін келешек жоспарын бекіткен тәжірибесі мол жасы елуден асқандарды белгілі-белгісіз себептермен қызметтен ығыстыра бастайды. Әрине мемлекеттік үлкен бюджетпен көп міндет-жоспарды орындауға болар. Дегенмен дүние ағысы бірқалыпты бола бермейді. Тосыннан тұтқиыл сауал тұса кешегі мен бүгінгіні үйлестіре алар тәжірибе керек. Сондайда сол өткенді қолмен жасағандар қажет. Тағы да Рақымғали Төлеубеков тәжірибесіне тоқталсам, Рақаң совхоздағы он басшы маманның жартысына жуығына кілең жастарды тағайындайтын. Сол арқылы үлкен мен кішіні бір тізгінмен тартып тәрбиелейтін.

Марат Мұхтарұлы, шетелдік компанияның топ менеджері

1988 жылы Алматыдағы Нархозды бітіріп ауылға оралдым. Екі жылдан кейін директор бас экономист етіп тағайындады. Сол заманында қой төлдегенде совхоздағы мал басы 140 мыңға жететін. 90 отар қойы болды. Әр отарға 4 штат бөлінетін. Аға шопан (қәзіргі ақша есебімен) - 150 мың теңге, көмекшісі - 120 мың теңге, күзетші – 80 мың теңге, аспазшы – 70 мың теңге ай сайын жалақы алатын. Отардағы үкімет қойының үстіне өздерінің 25-30 % жеке меншік малын қосып бағатын. Жем-шөп тегін. Қораға кіргізіп қояды. Қыстауға түскенде үйі мен мал қорасына толық ремонт жасалып дайын тұрады. Мықты шопандарға жыл қорвтындысында жеңіл автокөлік сыйланатын. Сол жылдардағы өте қат саналатын кілем барлық қойшыларға тегін берілетін. Қ. Сыркеев деген 5 – 6 орденді шопан болды. Жылдық табысы бүгінгі ақшамен 15 – 20 миллион теңгені құрайтын. Бұл үкіметтің беретіні. 300 меншігіндегі малынан табатын кірісті қоспағанда. 15 жыл стажы бар қойшының жалақысына 25 % үстемақы төленетіні тағы бар еді.

Бағдат Қожақұл, кәсіпкер

1985 Семей зооветеринарлық институтын бітіріп ауылға оралдым. Жасым жиырма үште. Бір жылдан кейін совхоз басшысы Рақымғали Төлеубеков аға мені бас мал дәрігері етіп тағайындады. Сол жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық комсомол-жастар съезіне делегет болып қатыстым. Шетел және Мәскеу журналистеріне ауылымыз туралы сұхбат бердім. Делегаттар Совет одағы Жастарының басшысына бір өтініштерін айтып жатты. Мен ВЛКСМ бірінші хатшысы Борис Пастуховтан «Уазик» көлігін сұрадым. Жұмысқа өте керек көлік. Ол кезде аудан, ауыл басшылары тек «Уазикпен» жүретін. Орденді шопандарымыз нағыз ел құрметіндегі азаматтар болатын. Облыстағы жиындарға барғанда облыстың басшысынан бастап, сот, прокурор лауазымындағы азаматтарға тікелей талаптарын ашық айтатын. Аудан басшылары, сот және прокуратура жетекшілері тоқсан сайын қырдағы шопандардың қыстауларына барып жағдайларымен танысатын. Жаз жайлауға шығып, кейде шопандардың киіз үйлерінде түнейтін. Сірә, еңбек адамына елеулі құрмет көрсетілсе ауылда да жұмыс орындары ашыларына сенемін. Басты мәселе ауылдағы нағыз еңбек адамдарына лайықты жалақы мен хал-қадірінше құрмет көрсетулі керек деп ойлаймын.

Ұлт пен мемлекеттің аман қалуының жалғыз жолы – экономиканы ашық ұстау. Әлемдегі қуатты экономикалық елдермен қапталдаса араласып – құраласу. Бәсекеге түсу. Дүниежүзілік стандартта өнім шығару. Соны алыс-жақын шет елдеріне саудаға шығару. Ал, әлемде қазіргідей ауыл өнімдеріне сұраныс көбейіп, олардың бағасы күнен-күнге өсе түскенінен шығатын қорытынды да белгілі. Ол ауылға да іскер, ел мен мемлекеттік мүддені ойлайтын мықты жас мамандарды көптеп тарту қажеттілігі ережеге айналса деп күтеміз.


Соңғы жаңалықтар