Жастар бірлестігін құрған ақтаулық жігіт: Шығармашыл жастардың басын қосқым келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының тумасы Нұрсұлтан Мырзабек Алматыда режиссура, видео жасау, клип және жарнама түсіру бойынша тәжірибе жинақтаған. Кейін туған жеріне оралып, жастарға арналған шығармашылық бірлестік құрды. Бүгінде Ақтау қаласында «Aktown» жастар шығармашылық бірлестігі жұмыс істеп тұр. Онда шығармашыл жастар бас қосып, таланттарын дамыта түсуде. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Нұрсұлтан Мырзабекті әңгімеге тартты.

«Мен Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында туып өстім. Жасым 27-де. Мектеп бітірген соң Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінде «экономика» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Оқуды тәмамдаған соң өз жолымды іздеп, Алматыға бардым. Онда режиссура, видео түсірумен айналыстым. Жалпы медиа саласында жұмыс істедім. Бірнеше жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң, туған жерге оралып, Алматыда үйренгенімді өз өңірімізде дамытқым келді. Сөйтіп Ақтау қаласында «Aktown» жастарға арналған шығармашылық бірлестігін құрдым. Өйткені, бізде шығармашыл жас таланттарға арналған алаң жоқтың қасы», - деді Нұрсұлтан Мырзабек.

Оның айтуынша, аталған жобаны қолға алғандағы мақсаты – шығармашылығын дамытамын деген жастарға мүмкіндік беру, жас таланттарға жол ашу.

«Біздің миссия – қоғамға пайдасы бар адамдардың санын көбейту. Негізгі аудиториямыз – жастар. Шығармалыққа қызығушылармен қатар, білімге құмартқан жастарға да қол ұшын созамыз. Ол үшін бізде арнайы база бар. Ол базаны түрлі білім курстары мен кітаптармен толықтырып, жастармен бөлісіп отырамыз. Біздің есік барлық азаматтар үшін ашық. Егер идеясымен келіп, ортаға салып жатса, біз қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Дегенмен бізде де мүмкіндік көп емес, себебі біз жекеменшік, үкіметтік емес ұйымбыз. Яғни өз күнімізді өзіміз көріп отырған ұжымбыз. Мысалы, бізге талантын дамытқысы келген балалар келеді. Біз оларды сол бағыттағы мамандармен байланыстырып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», - дейді ол.

«Aktown» жастар шығармашылық бірлестігі 2019 жылы құрылған және бірлестік құрамында 11 адам еңбек етіп жатыр.

«Бірлестік құрылғалы 2 жылдың ішінде алдымызға біраз шығармашыл жастар келіп, талантын танытып жатыр. Кішкентай ғана Ақтау қаласында қаншама шығармашыл жастың барына өзіміз де таңғалудамыз. Сонымен қатар біз жастар шығармашылығымен қатар, олардың проблемасын зерделеумен де айналысамыз. Түрлі қиыншылыққа тап болған жастарға қолдау көрсетеміз. Пандемияға байланысты өткен жылы жұмыс қарқыны баяулады. Дегенмен кейбір шараларды онлайн өткіздік. Жуырда бізде қала әкімі ауысты, енді жаңа әкімге өз жобамызды көрсеткіміз келеді. Мүмкін қолдап қалар», - деді жоба жетекшісі.

Сондай-ақ ақтаулық белсенді азамат алдағы жоспарымен де бөлісті.

«Әрине, алдағы уақытқа жоспар көп. Менің алдағы арманым Ақтау қаласында жастарға арналған платформа ашу. Өйткені, Ақтауда жастар жиналып, бас қосатын тұрақты алаң жоқ. Мүмкін коворкинг, мүмкін жастар орталығы, мүдделес, белсенді, шығармашыл жастардың басын қосқым келді. Мен жиі айтамын, Ақтау кәрілікті қарсы алып, қартайған шақта өмір сүру үшін жақсы қала, бірақ жастарға арналмаған. Сөздің шындығы дамимын деген жастарға мүмкіндік аз. Мен сол кемшілікті жойғым келеді», - деді Н. Мырзабек.


Соңғы жаңалықтар