Жасөспірімнің гамбургерден улануы: Бас санитар түсінік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Еңбекшіқазақ ауданында 14 жастағы баланың өліміне қатысты сот-медициналық сараптамадан кейін тиісті қорытынды шығарылатынын айтты. Алдын ала деректер бойынша, аталған жасөспірім жеген гамбургерден аса қауіпті емес ішек таяқшасы анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жағдай бойынша тиісті тексеру жүргізілді. Атап айтқанда, бала сауда павильонынан гамбургер сатып алған деген мәлімет болған еді. Біз осы павильонның орналасқан жері мен оның иесін, сондай-ақ өнімді шығарған адамды анықтадық.  Алайда жасөспірімде басқа ауру болғаны белгілі болды. Бала ауруханаға түскен кезде оның ағзасынан инфекциялық аурулардың қоздырғыштары табылмаған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтен кейін.

Ж. Бекшиннің сөзіне қарағанда, жасөспірім тұрған үйде де, гамбургерден де шартты патогендік флора, сондай-ақ қарапайым ішек таяқшасы болған. Бірақ та олар денсаулыққа зиянды емес концентрация шегінде табылды.

Сонымен қатар Бас санитарлық дәрігер гамбургер өндірушілердің жұмысы тоқтатылғанын, оларға айыппұл салынғанын жеткізді.

«Онда кәдімгі ішек таяқшасы мен алтын түстес стафилакокк анықталды. Зертханалық талдауды ескере отырып, сот-медициналық сараптамадан кейін тиісті қорытынды шығарылады», - деді Бас санитарлық дәрігері.

Еске сала кетейік, 28 қазанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында 14 жастағы бала көз жұмды. Науқас ауруханаға 26 қазанда жеткізілген болатын.  Бұдан бұрын жасөспірім гамбургер жегендігі хабарланған еді.

Айта кетейік, баласы ауруханада қайтыс болған әке дәрігерлерді жарақаттады.

 

Соңғы жаңалықтар