Жасөспірімді көлігімен қаққан Риддер әкімінің бұрынғы орынбасары кінәсін мойындады

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат - 26 маусым күні Риддер қалалық сотында жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтті. Сот барысында күдікті - Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаев қаза болған жігіттің әке-шешесінен кешірім сұрап, барлық артылып отырған кінәні мойындайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аltaynews сайтына сілтеме жасап.

«Сізге шын қайғыра көңіл айтатынымды ешбір сөз жеткізе алмас. Отбасыларыңызға үлкен қайғы әкелдім. Мені кешіре алсаңыздар. Істеген ісіме толығымен өкінемін», - деді Б.Құрманбаев. 

Экс-шенеунік сол күні рульде мас күйінде болғанын да растады. Тергеу барысында оның қанынан 0,8 промилле мөлшерінде алкоголь анықталған. Бұл оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетеді. Сондай-ақ сараптама автокөліктің 88 км/сағ жылдамдықпен келе жатып жігітті соққанын анықтады.

Күдіктінің айтуынша, қараңғы мезгілде қарама-қарсы келе жатқан машинаның жарығы көзіне шағылысып, ол жол жиегін көрмей қалған. Соққыны сезгеннен кейін барып тежегішке басқан.

Белгілі болғандай, БМВ Х5 көлігін Құрманбаев оқиғадан екі апта бұрын ғана сатып алған.

Сот процесінде адвокат судьяға Құрманбаевтың алғыс хаттары мен грамоталарын, қала әкімі берген мінездемесін, әкесінің сырқат екенін растайтын құжаттарды ұсынды.

Іс бойынша үкім бүгін шығарылатыны күтілуде. Сот отырысы 16.30-ға белгіленді.

 

Соңғы жаңалықтар