Жасөспірімдерде вакцинация жеңіл өтіп жатыр – елордалық дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 15 қарашадан бастап 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакцинациялау басталды. Елордалық егу пунктерінде ата-аналарымен бірге КВИ-ға қарсы екпе алуға келіп жатқан жасөспірімдер саны күн санап артуда. Елордадағы №7 қалалық емхананың мектеп және мектепке дейінгі бөлімінің меңгерушісі Аида Орындыбаеваның айтуынша, жасөспірімдер екпені жеңіл қабылдап жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

– 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакцинациялау қалай жүріп жатыр. Сіз жұмыс істейтін емханада қанша жасөспірім екпе алды?

– 15 қарашадан бастап 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында COVID-19-ға қарсы екпе Нұр-Сұлтан қаласы бойынша басталды. КВИ-ге қарсы вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу пунктерінде, сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша емханада жүргізілуде.

Қазіргі таңда вакцинациялау қарқыны өсіп келе жатыр. Ата-аналарымен келіп, екпе алып жатқан жасөспірімдер саны көбеюде. Біздің емхана бойынша екпе алған балалар саны – 150.

– Жасөспірімдерге вакцина алу міндетті ме?

– Екпе алу ерікті түрде, тек ата-анасының келісімімен жасалынады. Екпе керек пе, жоқ па – оны азаматтар өздері шешеді, бірақ біз екпе алуға шақырамыз, өйткені қазіргі уақытқа вакцина аурудың алдын алудың негізгі профилактикалық жолы.

– Қандай жасөспірімдерге екпе алуға қарсы көрсеткіштер бар?

– 12 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ анамнезінде полиэтиленгликольге немесе туыстас молекулаларға ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға екпе салынбайды, себебі вакцина құрамында полиэтиленгликоль бар.

Айта кетейін, қандай да бір басқа вакцина енгізілгеннен кейін немесе бұрын Комирнати енгізілгеннен кейін ауыр аллергиялық реакция немесе тыныс алу проблемалары болса, сондай-ақ кез келген инъекциядан/уколдан кейін естен тану, құрысу, жоғары температурамен жіті инфекциялық аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы кезінде, қанның ұюымен, оның ішінде тромбтардың пайда болуына қарсы дәрі-дәрмектерді қабылдаумен байланысты проблемалар болған жағдайда және ауруға байланысты иммундық жүйе әлсіреген (АИТВ инфекциясы, стероидты препараттарды қабылдау) кезде вакцинация сақтықпен жүргізіледі.

– Екпе алған жасөспірімдердің денсаулығы қалай? Олардың арасында екпені ауыр қабылдағандары болды ма?

– Бүгінге дейін 150 жасөспірімге екпе жасалды. Олардың ішінде ауыр реакциялар тіркелген жоқ. Керісінше, балаларда жеңіл түрде өтіп жатыр. Біздің байқауымызша, екі жасөспірімде ғана субфебрильді температура, вакцинаны енгізген жерде жергілікті реакция байқалды. 1-2 күннің ішінде бұл реакциялар білінбей кетеді.

Жасөсірімдер екпеден кейін сабаққа келіп, әдеттегі өмір салтын жалғастыруда.

– Жасөспірімдерді вакцинациялауды ата-аналар қалай қабылдауда?

Екпеге балаларымен келген ата-аналар өте жақсы қабылдауда. Олар екпенің маңыздылығын түсінеді, балаларына қолдау көрсетіп, жанында болды.

Жалпы осы айда №7 қалалық емхана бойынша 300 жасөспірімді вакцинациялау жоспарланып отыр. Екпе тек ерікті түрде, жасөспірімнің ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатымен жасалады.


Соңғы жаңалықтар