Жасөспірімдер олимпиадасы: Талғат Шайкен күміс жүлдегер атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық боксшы Талғат Шайкен 64 кг салмақта ресейлік Илья Поповпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бірінші раундта боксшылар бірін-бірі барлап баққанымен, екіншісінде Талғаттың соққылары көбірек дарыды. Үшінші, шешуші раундта да спортшылар барын салды. Әйтсе де төрешілер 4:1 есебімен жеңісті ресейлік боксшының қанжығасына байлап берді. Төрешілер бағасына Талғат Шайкен риза еместігін көрсетіп жатты.

Бұдан бұрын аса ауыр салмақта Жасөспірімдер олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын көтеріп шыққан Дамир Тойбай ресейлік Алексей Дроновқа есе жіберіп қойған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дамир Тойбайдың +91 кг салмақта күміс жүлдегер атанғанын, содан кейін Айбек Оралбайдың (91 кг) алтын, Надежда Рябецтің (75 кг) қола медаль алғанын жазған болатынбыз.

Осылайша бокстан Қазақстан құрамасы Жасөспірімдер олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға ие болды.

Соңғы жаңалықтар