Жасөспірімдер олимпиадасы: Каратэші Қазақстан қоржынына соңғы «қоланы» салды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандан, жарыстың соңғы күні жарыс алаңына шыққан қазақстандық каратэші Әбілмансұр Батырғали 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді.

68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз жартылай финалда бельгиялық Квенти Махауденнен жеңіліп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Әбілмансұр Олимпиададағы алғашқы кездесуінде аргентиналық Хуан Мартинес Салсенчті, кейін жапондық Котаро Накамураны жеңген болатын.

Марокколық Яссин Секуримен өткен жекпе-жекте қарсыластар тең түсіп, екі спортшы да жартылай финалға жолдама алған еді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай  жарыстың соңғы күні тағы бір спортшымыз, нақтырақ айтсақ, бокстан 64 келі салмақта ел намысын қорғаған Талғат Шайкен күміс жүлдені жеңіп алды.  Ол финалда ресейлік Илья Поповқа жол берді.

Соңғы жаңалықтар