Жасөспірімдер арасындағы шахмат чемпионатына алғаш рет 1 мыңнан аса бала қатысты

None
Фото: facebook.com/tmrturlov
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол бұл жайында Facebook парақшасында жазды.

«Бүгін Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионаты өз мәресіне жетті. Алғаш рет турнир еліміздің бүкіл өңірінің өкілдерін жинады, ал қатысушылардың жалпы саны 1000 адамнан асты. Осы күндері біз жастар мен ең жас шахматшылардың жарыстарын бақылап отырдық», - дейді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, қатысушылардың көпшілігі үшін бұл - жарысқа қатысудағы алғашқы үлкен тәжірибе, ал басқалар үшін - әлемдік біріншілікке жолдама алу мүмкіндігі.

Қатысушының әрқайсысы - нәтижесіне қарамастан еркіндік, қажымас қайрат пен табандылық танытқан жеңімпаз.

«Біз бұл қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет, себебі олар меритократия мен зияткер ұрпақтың негізінде жатыр. Дәл осы себепті біз шахмат дарындарына барлық қажетті ресурсты салып, оларға қолдау көрсетуге ниеттіміз. Жеңімпаздарымыз бен жүлдегерлерімізді тағы бір мәрте құттықтап, олардың бапкерлеріне және ата-аналарына орасан зор еңбектері үшін алғыс білдіргім келеді. Ұйымдастыру комитетіне сүйікті ісіне деген адалдығы, жұмысын толық беріліп істегені және осы игі ойынға деген шынайы махаббаты үшін арнайы алғыс сөз білдіремін», - деп атап өтті шахмат федерациясының президенті.

Еске сала кетейік, 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтеді.



Соңғы жаңалықтар