Жасөспірімдер арасында қылмыс белең алып барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда балалар мен жасөпірімдер жасайтын қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай деректі ranking.kz порталы ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың қаңтар-мамырында еліміздің аумағында 574 жасөспірім қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Бұл бір жыл бұрынғы деректен 8,1 пайызға артық.

Оның ішінде 38 жасөспірім жат қылық танытса, 536-сы қылмысқа барған.

Ал заңмен қудаланатын әрекетке барғандардың ішінде 254 - орташа ауыр, 225-і - ауыр, 44-і - кішігірім ауыр, 13-і - аса ауыр қылмыс жасаған..

Өңірлер арасында Алматы облысында заң бұзатын жасөспірімдердің қатары бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,5 пайызға (66 жасөспірім) артып кеткен.

Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан (50 құқық бұзушы), Қарағанды мен Түркістан облыстары (47 құқық бұзушыдан) тұр.

Ең төмен көрсеткіш Солтүстцік Қазақстан облысында тіркелген: 12 жасөспірім.

Биыл бес айдың ішінде жасөспірімдер біреудің меншігіне қатысты құқық бұзушылыққа жиі барған: 421 адам.

Оның ішінде 250 жасөспірім ұрлық үстінде ұсталып, 68-сі тонау, 37-і алаяқтық, 26-сы кішігірім бұзақылық жасаса, 23-і автомобильді немесе басқа көлік құралдарын заңсыз жүргізген.

Еліміздің Ішкі істер министрлігі де балалардың демалыс маусымы басталған сәттен жассөпірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі жиілеп кеткендігін мәлімдеп отыр.

Жасөспірім түнгі уақытта құқық қорғаушылардың қолына түссе, онда олар полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Сол жерде оның аты-жөні анықталып, ата-анасына хабар береді.

Бұл ретте жасөспірім көңіл көтеру орнында жүрген болса ата-анасына үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ал жасөспірім түнгі уақытта полиция көзіне түссе, онда бірінші жолы ескерту беріледі.

Егер екінші мәрте қолға түссе, онда ата-анасы 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.


Соңғы жаңалықтар