+7 (701) 759 90 19
USD 419.54 EUR 509.2
RUB 5.72 CNY 64.81
Jańalyqtar

Жасарған жаңа буын: Nur Otan атынан Мәжіліске ұсынылған депутаттар жайлы не білеміз

2020 жылғы 25 қараша 18:57
Бөлісіңіз:
Жасарған жаңа буын: Nur Otan атынан Мәжіліске ұсынылған депутаттар жайлы не білеміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұрады. Осы орынға «Nur Otan» партиясының атынан кімдердің ұсынылатыны көптің асыға күткен жаңалықтарының бірі болғаны анық. Ендеше, бұрынғы және бүгінгі сайлауды сараптай келе оқырманға партияның үміткерлері турасында қызықты мәліметтермен бөлісе отырайық.

Ұқсас жаңалықтар
БҚО мәслихатына жаңадан хатшы сайланды Алматы  мәслихатына жаңа хатшы сайланды БҚО мәслихатының депутаттығына кімдер сайланғаны белгілі болды

VII шақырылымның 98 депутаты 2021 жылдың 10 қаңтарында партиялық тізімдер негізінде (пропорционалды жүйе) сайлау нәтижесі бойынша анықталады. Ал 2021 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) өз қатарынан Мәжіліске тағы 9 депутатты ұсынуы керек.

«Nur Otan-ның» партиялық тізімінде депутаттыққа 126 үміткер бар. Бұл - барлық партияның ішіндегі ең көбі деуге болады (ҚХП-да бір үміткер ғана аз).

«Nur Otan» партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына ұсынылған 126 үміткердің 77-і (61,1%) - праймериз жеңімпазы.

Партиялық квота бойынша тізімге 49 (38,8%) үміткер енген. «Nur Otan» партиясының 126 мүшесінің 16-сы (12,7%) партияға праймериз алдында қосылғандар.

2016 жылы «Nur Otan» партиясы зейнеткер жасындағы 23 үміткерді ұсынған болатын. 2021 жылғы сайлауға партиялық тізімде мұндай санатта 2-ақ үміткер бар. Жалпы «Nur Otan» партиясының тізіміндегі үміткерлердің орташа жасы – 48. 2016 жылы орташа жас 52 болған еді. 126 үміткердің 37-сі (29,4%) әйел, оның ішінде 3-і - көп балалы ана. 15 адам (13,5%) - 35 жасқа дейінгі жастар.

Партиялық тізімге облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың бірде-бір әкімі енгізілмегенін айта кеткен жөн.

Тізімде көптеген қоғам қайраткері барын атап өту керек. Мысалы, экологиялық ұйымдар қауымдастығы төрағасының орынбасары Елдос Абақанов жалпақ жұртқа таныс болмауы мүмкін. Бірақ ол экология саласындағы белді сарапшы. Сол секілді Тілектес Адамбеков байланыс саласының маманы әрі «Қазпочта» АҚ-ның ІТ-инфрақұрылымы бойынша атқарушы директоры лауазымын атқарады. Жанарбек Әшімжан - қазіргі зиялы қауымның өкілі. Ақын, журналист және публицист бүкіл өмірін қазақ әдебиеті мен отандық журналистиканың дамуына арнап келеді. Одан бөлек «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева да тізімде. BTS Digital-дің білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек болса білімге инновациялық тәсілдерді енгізуде тәжірибесі мол танымал сарапшы. Еуразиялық зерттеулер институтының директоры, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бұрынғы орынбасары әрі Ұлттық кеңес мүшесі Ерлан Саиров та партия қатарынан кандидаттардың тізімін толықтырды. Партиялық тізімде Ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі Айдос Сарым бар. Ол жетекші саясаттанушылардың бірі. Сондай-ақ саясаттанушы дәстүрлі қазақ мәдениетін сақтап, оны жастар арасында кеңінен насихаттау ісін ұстанады. Вера Ким - «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ төрағасы. Өзінің әлеуметтік қызметінде Вера жыл сайынғы еріктілер жиналысы арқылы волонтерларды оқыту кампанияларын ұйымдастырып келеді.

Партиялық тізімді барынша күшейту үшін қатарға саяси салмағы бар азаматтар да қосылған. Олардың қатарында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Премьер-министр Асқар Мамин, Парламент Сенатының экс-спикері Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бар.

«Nur Otan» фракциясының қазіргі депутаттарының ішінен тек 24 мәжілісмен сайлау тізіміне енгізілді. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин бар. Мүгедектердің мүдделері мен құқықтарын қорғаушылардың бірі - қазіргі Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова да осы қатарда. Бұрынғы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау да әлі аттан түспейтін секілді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ирина Унжакова, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Дархан Мыңбай тағы да депутат болуы мүмкін.

Үміткерлердің толық тізімімен мына жерден танысуға болады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT