Жасанды жүрек орнатылған Тараз тұрғынының бүгінгі өмірі қандай

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 55 жастағы тараздық Дмитрий Ким кеудесіне жасанды механикалық жүрек орналастырылған өңірдегі алғашқы адам. Оған осыдан 9 ай бұрын ең күрделі ота жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дмитрий миокард инфарктісі мен қатерлі гипертониялық ауру салдарынан ауыр жүрек жетіспеушілігіне ұшыраған. Сол себепті үш жыл мамандардың бақылауында болған. Қан қысымы үнемі жоғары деңгейді көрсетіп, демікпеге шалдыққан. Өз бетінше тыныс алуы да қиындап кеткен екен. Соңғы талмадан соң, дәрігерлер Дмитрийге жүректің сол жақ жасанды қарыншасын ауыстыру операциясын жасауға шешім қабылдаған. Осы күрделі отадан соң науқастың жағдайы жақсарған. Қазір ол өзін өмірге қайта келгендей сезінуде.

«Алдымен, маған өмір берген Жаратушыға, одан соң осы орталықтың дәрігерлеріне ризашылығым шексіз. Осындай ота жасалмағанда және ол сәтті өтпегенде, мен қазір сіздермен тілдесіп тұрмас едім. Қазір өзімді жақсы сезінетінім соншалықты, өмірге деген ынтам мен құлшынысым бұрынғыдан да артты. Денсаулығым оңалған соң алдағы уақытта біраз істер тындырамын деген үміттемін», - дейді ол.

Бүгінде Дмитрий Ким қандай да бір физикалық шектеулерсіз толыққанды өмір сүруде. Көбіне жаяу жүреді екен. Дене шынықтырумен айналысып, көліктен гөрі велосипедке мінгенді жөн санайды.

Айта кетейік, жасанды жүрек - бионикалық имплантат, ол адам жүрегін жартылай немесе толықтай ауыстырады. Кейде қосымша жүрек ретінде пайдаланылады. Оны орнатқан соң адам денесінде қан айналымы қалыпқа түседі. Аппарат науқастың өмірін кем дегенде бес және одан да көп жылға ұзартады. Бұл - созылмалы жүрек ауруына шалдыққан науқас үшін өмірдің сыйы іспетті.

Соңғы жаңалықтар