Жасанды ұрықтандыруға мемлекеттен ақша бөлген дұрыс емес - министр Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жасанды ұрықтандыруға квоталарды арттыруға қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз жыл сайын экстракорпоралды ұрықтандыруға квота бөліп отырамыз. Әрине, ол жеткіліксіз. Мен білемін. Бірақ алдағы уақытта квотаны көбейтуге қатысты жоспарымыз жоқ. Себебі оған біраз қаражат қажет. Менің ойымша, жасанды ұрықтандыруға сұраныс көп болса да, мемлекет тарапынан оған ақша бөлген дұрыс емес. Өйткені бұл - тым қымбат процедура. Дамыған мемлекеттерде ондай көмек тегін берілмейді", - деді Е.Біртанов xалық алдында есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жатырдан тыс ұрықтандыру шараларын әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр.

"Сонда экстракорпоралды ұрықтандырудың санын арттыруға мүмкіндік ашылады. Қазіргі бізде басқа да өте күрделі мәселелер бар. Мысалы, онкологиялық аурулар, адам өліміне себеп болатын аурулар қаншама. Алдымен осыны шешуіміз керек. Одан кейін басқа жағдайларға да көшуге мүмкіндік болады. Сондықтан қазір жасанды ұрықтандырудың кепілдік көлемін көбейтпейміз. Стандарт бойынша қандай теxнологиялар кіреді, соны тегін береміз. Бірақ қалғанын азаматтар өздері төлеуі керек", - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Айта кетейік, бүгінгі кездесу кезінде министр фаст-фудты шектеуге қатысты пікір білдірді.

Бұдан бөлек, Астанадағы перзентxанада аналарынан айырылған екі нәрестенің жағдайы жайында айтып берді.

Жедел жәрдем мәселесі де сөз болды. 

Соңғы жаңалықтар