Жасанды интеллекттің адамнан озып кетуі мүмкін бе – профессормен сұхбат

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде жасанды интеллект қолданылмайтын сала жоқ. Қара жұмысты былай қойғанда, адамның ақыл-ойын қажет ететін қызметтердің бәрін жасанды интеллект атқарып отыр. Десе де мамандар оның адамзатқа қауіпті тұстары бар екенін айтады. Себебі қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы адамдарды бақылау күшейген.

Жасанды интеллект адам өмірін қалай өзгертті? Адамзат үшін қаншалықты қауіпті? Қандай салаларда кеңінен қолданылады? Жасанды интеллект адамнан озып кетуі мүмкін бе? Болашақта адамдардың жұмыссыз қалу қаупі бар ма? Қазақстанда жасанды интеллект саласы қалай дамып жатыр? Міне, осы сауалдар төңірегінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаевпен әңгімелестік.

- Алтынбек Әмірұлы, бүгінгі таңда жасанды интеллект пайдаланылмайтын сала жоқ. Қазір тіпті «Кім жасанды интеллектті игерсе, сол әлемді билейді» деген тәмсіл де айтылып жүр. Әңгімемізді «жасанды интеллект дегеніміз не және оның ғылым саласы ретінде дамуы қалай жүзеге асты?» деген сауалдан бастасақ…

- Жалпы жасанды интеллект дегеннің не екенін білу үшін «интеллект» деген ұғымға анықтама беруіміз керек. Интеллект дегеніміз – субъектінің қоршаған әлемді қабылдау мен түсіну, өңдеу, өздігінен оқу және шығару ережелерін даярлау мен шешім қабылдау қабілетіне ие болуы. Егер субъект адам болса, онда табиғи интеллект туралы сөз болады. Ал егер субъект жасанды құрылғы болса, онда жасанды интеллект жөнінде сөз қозғаймыз.

Ең алғаш рет «жасанды интеллект» термині Америкадағы Массачусетс технологиялық институтында қолданыла бастады. Өткен ғасырдың 50 жылдарының соңы мен 60 жылдардың басында логикалық бағдарламалау саласына қатысты ғылыми семинар өтіп тұратын. Кейіннен олар осы логикалық бағдарламалауды «жасанды интеллект» деп атады. Кейбір математика есептерін шығаруды логикалық бағдарламалау арқылы автоматтандыра алды. Оған қоса кейбір теоремаларды дәлелдеуді де автоматтандыруға мүмкіндік болды. Міне, осы тұста «жасанды инетеллект» термині пайда болып, қолданысқа енгізіле бастады. Енді оның ғылым ретінде дамуына тоқталсақ, мына дүниені қаузауға тиіспіз. Математикада «математикалық логика» деген ұғым бар, мұнда құбылыстың, амалдың не әрекеттің қасиеттерін формальды түрде, яғни математика формуласы түрінде жазады. Ол тұжырым не ақиқат, не жалған болуы мүмкін. Кейіннен классикалық логика дами түсті де, қазір бұлдыр логика, ықтималдық логика, динамикалық логика деген бар, соларды пайдаланады. Осындай математикалық теориялардың негізінде жасанды интеллект ғылым саласы болып қалыптасты.

Жасанды интеллект – ақпараттық технологияның бір саласы. Бұрын ақпараттық технология жоқ кезде компьютер ғылымының бір саласы болып саналып келді.

1960 жылдары жасанды интеллект ғылым ретінде қарқынды дамыды, одан соң 1970-1980 жылдары тоқтап қалды. Кейін 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында шағын компьютерлер шыға бастады. Солар әсер етіп, өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап бұл жеке сала ретінде едәуір қарқын алып кетті. Бұған электронды компьютер көлемі кішірейіп, мүмкіндіктерінің артуы себеп болды. Мәселен, қазір біздің қолымыздағы ноутбуктің қуаты бұрынғы бір спортзалды алып отыратын компьютердің шамасына тең. Яғни көріп отырғанымыздай, 20-30 жылда технология сәт сайын өзгеріске ұшырап, дами түсті.

- Қазір жасанды интеллект дамығаны соншалық, онсыз адам өмірін елестету мүмкін емес секілді. Сіздіңше, ол біздің өмірімізді қалай өзгертті? Адамзаттың, өркениеттің белгілі бір деңгейде дамуына айтарлықтай ықпал етті ме?

- Қазір адамзат жасанды интеллекттің қарқынды даму кезеңінде деп айтуға болады. Бұл біз жоғарыда айтып өткен тек қатынас тіліне қатысты емес. Интеллект дегеніміз – ой, сана, қарым-қабілет, білім алу, үйрену. Енді адамның осы секілді мүмкіндіктерінің барлығын компьютер істей алатындай деңгейге жетіп отыр. Оның даму шегін болжау мүмкін емес.

Бұл қазір бүкіл салаға еніп, адамзаттың өмірін жеңілдетуде маңызды рөл атқарып отырғаны жасырын емес. Бұған дейін көптеген саладағы ауыр физикалық жұмыстарды адамдар өзі істесе, қазір жасанды интеллект дамуының арқасында сол жұмыстарды роботтар істеп отыр. Мәселен, құрылыста, шахтада жұмыс істейтін жұмысшылар бар, солардың белгілі бір жұмысы, яғни қабырға салу, шатыр тұрғызу деген секілді істерінің барлығын дерлік қазір роботтар атқарады. Демек бұл «құрылысшы мамандарды роботтармен алмастыруға болады» дегенді анық білдіреді. Қазір, мәселен, Аустралия мемлекетінде шабан, яғни, мал бағатын адам жоқ. Олардың қызметін роботтар атқарып отыр. Бұл енді физикалық жұмыспен байланысты ғой. Ал ақылмен ойлап, мимен жұмыс істейтін қызметтің де бәрі біртіндеп жасанды интеллектке ойысып жатыр. Мысалы, шахматтан әлем чемпионы компьютердегі шахмат бағдарламасынан жеңіліп қалды. Демек компьютердегі шахмат мықты деген сөз. Сондай-ақ түрлі деректерге тоқталсақ, миллиондаған, миллиардтаған деректерді талдауға адамның мүмкіндігі жоқ. Оған оның уақыты да, жасы да жетпейді. Ал компьютер бірнеше секундта деректер ағынын оп-оңай өңдеп бере алады. Мәселен, медицинадағы диагностикалауға назар салсақ, дәрігермен салыстырғанда құрылғы диагнозды дұрыс қойып береді, себебі компьютерге әлемдегі не сол мемлекет пен аймақтағы ең мықты дәрігерлердің білімі жазылады. Ал дәрігерге қаралсақ, тек сол медицина қызметкерінің білімі деңгейінде диагноз қойылады.

Жалпы қазір жасанды интеллект тек эмоцияны ғана бере алмайды. Адам баласына тән күлу, қуану, жылау секілді эмоциялардан басқасының бәріне мүмкіндігі жетеді. Өйткені эмоцияның математикалық моделі әлі жасалмаған. Ал қалған талдауға болатын дүниенің бәрін жасай алады. Тіпті адамнан он есе жақсы істейді. Қазір компьютер кез келген банктің есебін жасап бере алады. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларды да роботтар арнайы жасалған бағдарлама арқылы талдай алады. Қашан, қайда, кімнің не жазғанына дейін сараптама жасап береді. Міне, компьютердің, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері қандай екенін осыдан-ақ бағамдауға болады.

- Иә, бүгінде кейбір салаларда адамның қызметін роботтар атқарып отыр. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкері жұмыстан босатылып, оларды робот алмастырғанын білеміз. Болашақта адамның қызметін толықтай роботтар атқарып, адамзаттың жұмыссыз қалу қаупі бар ма?

- Міне, адам жұмыссыз қалмауы үшін білім, ғылымды дамытуымыз керек. Өйткені оның әлеуметтік салдары да оңай болмасы анық. Соның ішінде жасанды интеллектті меңгеруді бүгіннен бастау қажет. Себебі бұл барлық ғылымды біріктіреді, яғни кез келген ғылымның элементі жасанды интелектте бар.

Алайда біздің заманда «бәрін жасанды интеллект алмастырып, адамдар жұмыссыз қалады» деген қауіп жоқ. Өйткені әзірге ондай мүмкіндікті көріп тұрған жоқпын, бірақ бұл болашақта әбден мүмкін нәрсе. Сол үшін адам баласы әрдайым технологияның алдында жүруге тиіс.

Жалпы дамыған мемлекеттерде жасанды интеллект жұмысы жақсы жолға қойылған. Ал Қазақстан жағдайына келер болсақ, олай деп айта алмас едім. Бізге бір дүние жетіспейді. Ол – қоғамдық құрылым. Біздің мемлекетте жасанды интеллектті дамытуға деген қызығушылық байқалмайды, арнаулы мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік мекеме, министрлік жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, ол барлық өндірісті қамтиды, салалары көп. Сондықтан химия, физика мамандарына базалық білім беріп, бәрін бір институт құрамына жинап, оның ғылым ретінде дамуына, адамдардың күнделікті өміріне енгізуге жағдай жасалуы керек. Оған қоса жасанды интеллектті оқытатын арнаулы университеттер ашылуы қажет. Мұны осындай шаралар қабылдау арқылы жүйелі түрде дамытып, жетілдіруге атсалысуымыз керек. Өйткені төрткүл дүние осыған назарын аударып, дамытуға күш салып отыр. Біз бұдан қалып қоюымыз мүмкін. Қазіргі таңда біздің мемлекеттің мүмкіндігі бар, жастарымыз да өте талантты. Оларды дер кезінде пайдаланбасақ, жастардың күш-қуаты басқа дүниеге жұмсалып кетеді.

Сондықтан мемлекеттік саясатты жолға қою керек. Жоғарыда айтқанымдай, арнаулы оқу орындарын, арнаулы ғылыми мекемелерді ашу керек. Сосын ғылымды конкурсқа байлап қоймай, оған ай сайын дәрігерлер мен мұғалімдер секілді жалақы төленуі керек. Мәселен, кеңес үкіметі тұсында атом бомбасы қалай жасалды? Сол кезде басшылықта болған адамдар арнаулы орталықтар ұйымдастырып, қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жасап қойды. Ай сайынғы жалақы, тұратын жер, сонымен қоса күнделікті қажеттіліктерімен қамтамасыз етті, яғни бастан аяқ мемлекеттің қамқорлығында болды. Сондықтан да ғалымдар айналдырған 4-5 жылдың ішінде атом бомбасын жасап шықты. Дәл осындай жүйемен ғарыш саласын да меңгеріп отыр. Ғалымдары жалақы, конкурс, грант деп, ұсақ-түйекке бас қатырмайды. Тек зерттеуін жасап, оны іске асырумен ғана айналысады.

- Бір сұхбатыңызда «Қазір жаңа технологиялық өркениет пайда болды. Олар бізден дамып кетуі ықтимал немесе біз құрылғының артында қалып кетуіміз мүмкін» дейсіз. Расымен, біз құрылғының артында қалып кетуіміз мүмкін бе?

- Жалпы жеке салаларды алып қарайтын болсақ, иә, біз құрылғының артында қалып кеттік. 1990 жылдары «интернет заттары» (IoT – internet of things) деген ұғым пайда болды. Бұл – радиожелілер арқылы интернетке қосылатын құрылғылар. Олар бір-бірімен араласа алады, хабар тарата алады. Сонымен қоса «шешім қабылдау» деген ережені де шығаруға мүмкіндігі бар. Яғни жағдайға байланысты өздері шешім шығарып, адамның қатысуынсыз автоматты түрде реакция таныта алады. Себебі олар – ақылды. Қазір «ақылды қалалар», «ақылды үйлер» деп айтып жүрміз ғой, соның бәрі - жасанды интеллект дамуының жемісі. Қазақстанда мұндай дамудың шеті ғана көрініп жүр. Сол себепті оның қолдану аясы өте үлкен екенін ескеру керек.

Мысалы, аударма саласын қарастырайық. Қазір компьютерде жазбаша да, ауызша да аударуға мүмкіндік беретін бағдарлама бар. GOOGLE-дің аударма функциясы қазақ тілінен ағылшын тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне еркін аударма жасай береді. Сапасы жоғары. Бірақ мәселен орыс тілімен салыстырғанда, қазақ тіліндегі аудармасы сәл түзетуді қажет етеді. Ал оған бірінші кезекте интернеттегі қазақтілді контенттің аздығы себеп болып отыр. Егер оны көбейтсек, сапа жақсара түседі. Дегенмен қазір осыдан үш-төрт жыл бұрынғы сападан әлдеқайда жоғары. Қазір тек жазбаша ғана емес, ауызша айтылған мәтінді де аударатын технология іске қосылды.

Жалпы қай ұлт, қай мемлекет білімін, ғылымын дамытпаса, сол ұлт һәм мемлекет бәрінен жеңіледі. Жай құрылғылардан да жеңіледі. Кез келген мемлекеттің стратегиялық мақсаты – ғылымды, соның ішінде жасанды интеллектті дамыту болуы керек. Себебі қазіргі кезде жасанды интеллект пайдаланылмайтын сала жоқ екенін айттым. Математика, химия, физика салаларының бәрінде жасанды интеллект жұмыс істейді. Ережелері, моделі дұрыс болса, ол бәрін дұрыс шығарып, көрсетіп береді. Қазір жасанды интеллекттің «өзін-өзі оқыту» деген функциясы бар. Олар желі арқылы бір-бірімен байланыса отырып, кездейсоқ ақпаратты, мәліметтерді «ұстап» алады. Кәдімгі адам секілді. Көшеде келе жатып не болмаса айналаның әсер етуі арқылы біз де белгілі бір ақпаратты қабылдап, ой түйеміз ғой. Олар да сол секілді. Сондықтан біз жасанды интелекттен ылғи алда жүруіміз керек. Егер оның алдында жүрмесек, адамзат баласы оның артында қалып кетуі әбден мүмкін.

- Демек бұл адам өміріне қауіп-қатер төнуін меңзейтін сияқты. Жалпы жасанды интеллект адам баласына белгілі бір деңгейде қауіп төндіруі мүмкін бе?

- Негізі таяқтың екі ұшы бар дейміз ғой. Сондықтан кез келген заттың екі жағын қатар қарастырамыз. Сол сияқты жасанды интеллекттің де екі тұсы бар: пайдасы және зияны. Бұл шындап келгенде, оны жасап шығаратын мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты нәрсе. Егер жасанды интеллекттің дамуын жолға қою үшін арнаулы бағдарлама жасап, ғалымдар тобын жиып, зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, әрине, зиян жағы көп болуы мүмкін. Ал қоғамға қажет бағыттарды дамытуға күш салса, жасанды интеллекттен асқан ғылым жоқ.

- Мамандардың басым көпшілігі жасанды интеллекттің дамуын бақылауда ұстау қажет екенін айтып отыр. Тіпті бұған дейін кейбір ғалымдар оның қаупі жөнінде БҰҰ-ға да хат жолдаған. Мұнда ғалымдар жасанды интеллекті бар әскери қаруды бақылауда ұстау керек деген мәселе көтерген. Мәселен, қазір кейбір мемлекет басшылары әлемде аналогы жоқ қаруға ие болғысы келуі мүмкін. Ол үшін түрлі құпия зертханаларды қаржыландырып, оларға қыруар ақша бөлуі де ықтимал екені айтылады. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

- Қазір адамзатқа не белгілі бір мемлекетке қауіп төндіру үшін бұрынғыдай атом бомбасын, ракетаны жасаудың қажеті жоқ. Жалпылама қарайтын болсақ, бұл бүкіл адам баласына қауіп тудырмайды, бірақ кейбір мемлекеттер мен ұлттарға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, көлемі маса не шыбындай болатын интеллектуал жасанды жәндікке белгілі бір мемлекеттің немесе бір ұлттың генетикалық кодының алгоритмін енгізсе, оны биологиялық қару ретінде пайдалануға әбден болады. Сонда жәндік тек сол алгоритмге сәйкес салып берген генетиканы не нәсілді шағады. Тіпті қырып жіберуі де мүмкін. Өйткені жасанды интеллект адамның бет-жүзін де, дауысын да тануға мүмкіндігі бар. Сол сияқты адамның генетикалық кодын да жақсы таниды. Сондықтан да сол нәсілге не ұлтқа қонады.

- Коронавирус инфекциясымен күресу үшін әр ел түрлі технологияны пайдаланғанын білеміз. Мәселен, Қытай билігі азаматтардың смартфондарын мұқият қадағалап, жүздеген миллион адамның бет-әлпетін танитын камераларды қолданып, тұрғындарға дене температурасы мен медициналық жағдайын тексеріп, инфекцияның тасымалдану мүмкіндігін тез анықтады. Бірақ осы бір бет-әлпетті тану жүйесін енгізу тоталитарлық режимге апаратын жол емес пе? Қалай ойлайсыз?

- Қазір адам ағзасына чип салу мәселесі де қаралып жатыр. Бұл да мүмкін нәрсе. Бұның бір жақсы тұсы өзіңіз айтып отырғандай, мәселен, инфекция жұқтырып алған адамға дереу хабар береді. Егер адам ауырып қалғанын білмей, басқа адамға жұқтырса, ол айналасындағыларға ауруды таратуға себепкер болады. Ал мен айтып отырған чип жылдам хабар жеткізіп, оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қорқатын болсақ, ертеде үңгірде өмір сүрдік қой, онда енді жаңа ғасырдың өркениетінен бас тартып, сол дәуірде өмір сүре бергеніміз дұрыс шығар... Осы орайда біздің өмірлік мақсатымыз қандай екені жөнінде заңды сауал туындайды. Жалпы біз биліктен ешқашан қорықпауымыз керек. Саясаттың кемшін тұстары болса, халық билікті үнемі түзетіп отыруы қажет. Билік – тек халықтың өкілі әрі әрдайым солай болып қалуға тиіс.

- Азаматтарды бақылау жайлы әңгімемізді жалғасақ, израильдық тарихшы Юваль Ной Харари жасанды интеллекттің дамуын кейбір мемлекеттердің адамдарды бақылауы үшін пайдаланып отырғанын айтып, алаңдаушылық білдіреді. Оның сөзінше, соңғы жылдары үкімет, ірі корпорациялар адамдарды бақылауға алу, манипуляция жасап, басқару үшін күрделі технологияларды қолдана бастаған. Ол: «Қазір технология алғаш рет адамдарды 24 сағат бойына бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Кезінде КГБ-ның кеңес азаматтарын 24 сағат бойына бақылауда ұстауға әрі жиналған ақпаратты тиімді түрде өңдеу мүмкіндігі болған жоқ. Тек сарапшылар мен азаматтарды бақылайтын агенттерге арқа сүйеді. Ал қазір билік не үкімет ет пен сүйектен жаралған адамдарға емес, қуатты алгоритмдер мен датчиктерге сүйеніп отыр» дейді. Бұған қатысты пікіріңіз қандай? Мұндай болса, жасанды интеллекттің дамуына қандай да бір шектеу қою қажет пе?

- Ғалым ретінде айтарым, жасанды интеллектті дамытуға ешкім шек қоя алмайды, ғылым дамыған сайын жасанды интеллект те дамуын тоқтатпайды. Ал кез келген шектеу заңның аясында болуға тиіс. Абсолютті бостандық деген сөз жоқ. Бірақ заңды адам қабылдайтынын ескеруіміз қажет. Өйткені заңды кім, қалай шығаратынына көп нәрсе байланысты екенін көзімізбен көріп, естіп жүрміз. Жалпы менің ойымша, билік пен халық арасы бөлінбеуі керек. Егер бөлінсе, мемлекет те, халықтың әл-ауқаты да жайында қалады. Себебі билік пен халық – бір. Ал дұрыс мағынасында адамды бақылау мақсатында чип секілді технологиялар қолданылуы керек деп ойлаймын. Бірақ бұл біреуді жазалау үшін бақылау керек дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа технологияны адам денсаулығын жақсартуға, ауыр аурулардың алдын алуға пайдалануға бағыттауымыз керек. Біз жаңа технологиялардың тек жақсы тұсын, адамзатқа пайдалы жерін ғана алуымыз қажет. Себебі оның жағымды да, жағымсыз да тұсы шексіз.

Ал шектеу мәселесі жөнінде сөз болса, белгілі бір мемлекеттің деңгейінде емес, әлемдік деңгейде қойылуға тиіс. Мысалы, БҰҰ деңгейінде күн тәртібіне шығарылып, егжей-тегжейлі қарастырылып, шешім қабылдануы керек. Алайда қазіргі таңда БҰҰ-ның шешімін мойындамайтын, оған қарсы шығып отырған мемлекеттер де бар екенін ескерген жөн.

- Жасанды интеллект саласымен жылдар бойы айналысып келесіз. Қазақстанда сәтті шыққан технологиялық жобалар бар ма? Сәтті шығып, адам өмірін жеңілдетуде не адам өмірін сақтауда қандай да бір салада адамзатқа қызмет етіп жүрген қазақстандық жобаларды атай аласыз ба?

- Қазақстанда жасанды интеллект саласы бойынша адамзатқа қызмет етіп жүрген отандық өнім жоқ. Әлемдік деңгейдегі технология мен ғылыми жетістіктер бар. Мәселен, біз қазақ тілі граматикасының, нақтырақ айтсақ, морфологиялық және синтаксистік ережелерінің математикалық модельдерін жасадық. Мұндай технология түркі тілдерінің ешқайсысында жоқ. Қазақ тілін компьютер түсінетіндей деңгейге жеткіздік. Қазақ тілінде білім беру саласында сіз қойған сұраққа компьютер жауап береді. Не болмаса базасындағы сұрақты адамға қояды. Адам сауалға жауапты не жазбаша, не ауызша беруі керек. Берілген жауапқа сәйкес, компьютер автоматты түрде өзі 0-ден 100-ге дейін бағалап береді.

Енді оны енгізу үшін оның мазмұнына келсек, мәтін жазатын мықты мамандарға конкурс ашып, соларға дайындату керек. Қазір бізде тек технология бар, бірақ оны жүзеге асыру үшін әр саладан мазмұнын жасайтын мамандарды жасақтау қажет. Бұл технологияны алғаш жасап шыққан кезде министрлікке де айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында да жария еттік. Алайда біз технологияны жоғарыда отырған басшыларға бүгін таныстырсақ, ертең ол ауысып кетеді. Сондай бір себептерге байланысты жобамыз жүзеге аспай тұр. 2014 жылдан бері әрі-бері шапқылап, енгізуге тырысқаныммен, әзірге мүмкін болмады.

Жалпы бізде жасанды интеллектті де, ғылымды да дамытуға мүмкіндігіміз, әлеуетіміз бар. Білімді әрі білікті мамандарымыз да жеткілікті. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері де бар. Міне, соны әрі қарай қолдап, қолданысқа енгізіп жіберсе, тамаша болар еді.

Бірақ біздегі жағдай басқаша. Бүгінде ғылымды конкурсқа, грантқа теліп қойды. Кейбір жағдайда байқау дұрыс бағаланбай қалады. Оны жеңіп алған күннің өзінде үш-ақ жылға әрі ғылыми жұмысты тәжірибеде жүзеге асыру үшін сұраған ақшаңнан 2-3 есе аз береді. Сөйтіп грантты ұтқан алғашқы үш жылда дайындаған шәкірттерің жоба жасайды, зерттеу жүргізеді. Ал кейінгі үш жылда грантты қайтып бермейді не болмаса басқа жағдай болып қалуы мүмкін. Сөйтіп ақша жоқ болғандықтан, жиналып, зерттеу жасап жүрген жас зерттеушілердің жұмысы жүзеге аспай, кейбірі орта жолдан тастап кетеді. Жалпы олар зерттеу жүргізіп, диссертация жазады, бірақ оны әрі қарай дамыту үшін қаражат жетпей қалады.

- Сонда Қазақстандағы жасанды интелектті қалай дамытамыз? Қандай мәселеге назар аударуымыз керек?

- Жалпы бізге жасанды интеллектпен айналысатын үлкен министрлік ашу керек. Сосын сол министрліктің жанынан арнаулы институт құрылуы қажет. Конкурс негізінде емес, мықты ғалымдарды сол институтқа штатқа алып, жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек. Жалақы уақытылы жүріп тұрса, ғылыми жобаңа да қажетті қаражат дайын тұрса, әрине, нәтижеге қол жеткізуге болады. Ал конкурсқа қатысып, оның уақыты бітіп қалатынын уайымдап жүрсең, жоба дамымайды.

Алысқа бармай-ақ, көршілес жатқан Қытай, Ресей секілді елдердің тәжірибесін алуға болады. Мәселен, 2015 жылы мен Мәскеуге семинарға бардым. Сонда олардың Қорғаныс министрлігі мен Білім министрлігі және Ғылым академиясы бірігіп, жоба жасағалы жатқанын көзіммен көрдім. Олар соңғы бес жылда кім жасанды интеллектке қатысты шетелдік және отандық журналдарда ғылыми еңбек жазып жүр, солардың бәрін шақырып, конференция өткізді. Үш күн бойына ғалымдары баяндама жасап, ғылыми еңбектерін таныстырды. Семинар соңында сол ғалымдарға барлық жағдай жасалатынын, тек нәтижеге жұмыс істеу керегін айтты. Міне, қазіргі таңда ғалымдардың жұмысы нәтиже беріп отыр. Қазір орыс ғалымдары жасанды интеллектті дамыту жағынан мықты. Мәселен, «Яндекстегі» бағдарламаның бәрін өздері жасады. «Алиса» деген жобалары да бар. Математикалық есептерді шығаратын технологиясы да бар. Сондықтан қазір велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, осы салада бірнеше жылдан бері зерттеумен айналысып жүрген мамандарға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар