Жасалған қылмыстың 80 пайызға жуығы ашылады - Көлік полициясы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе қаласында ҚР ІІМ Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабыловтың төрағалық етуімен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жиында Департаменттің ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік  жұмысының қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге міндеттер айқындалды.  Басқосуға Департамент аппараты қызметтерінің  бастықтары және оның барлық желілік бөліністерінің басшылары қатысты.

Департамент ағымдағы жылғы өткен кезеңде әуе және темір жол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жедел жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды.

Департаменттің негізгі қызметтерінің бастықтары  жедел-қызметтік жұмыс қорытындылары және жедел жағдайдың жай-күйі тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашылар ағымдағы жыл басынан бері жедел қызмет көрсету аумағында барлығы 1279 қылмыстық құқық бұзушылықтың, оның ішінде 757 қылмыс, 522 теріс қылық тіркелгенін атап өтті.  Жалпы, қылмыстардың ашылуы 75,3% құрады.

Жүргізілген кешенді ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар  нәтижесінде құқық бұзушылықтардың 11%-ға  төмендеуіне қол жеткізілді, соның ішінде онша ауыр емес 39,7%, аса ауыр 25%, ауырлығы орташа 19,4%. Сонымен қатар бұзақылық қылмыс 41%-ға, алаяқтық 29%-ға төмендеді.

Қылмыскерлерді іздестіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Есеп беру кезеңінде  қылмыс жасағандары үшін ішкі істер органдарынан жасырынып жүрген 13 қылмыскер ұсталды, соның ішінде Қазақстан аумағынан тыс жерде 4 қылмыскер ұсталды.

Ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі есірткінің заңсыз айналымымен күрес болып табылады. Көліктегі ІІД аумақтық бөліністерінің күштерімен 256 есірткі құралдарының заңсыз айналымы  фактісі анықталды. Көлік полицейлері 50,8 кг астам түрлі есірткі құралдарын, оның ішінде 1 кг 958 гр. героин тәркілеп алды.

Ағымдағы жылғы 6 айда әкімшілік жауапкершілікке 29 000 құқық бұзушы тартылды.

Сондай-ақ, мәжілісте бірқатар желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды.

Баяндамашылар Департамент қызметінің өзекті мәселелерін де жан-жақты талқылады. Сонымен бірге қатысушылар қылмысқа, оның ішінде қызмет көрсететін аумақтағы нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және тұрғындардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін атап көрсетті. Департаменттің желілік бөліністерінің жұмысында басым бағыттар айқындалды, қойылған міндеттерді шешу үшін нақты мерзімдер белгіленді.

Басқосуды қорытындылаған А. Қабылов әрбір басшыдан біліктілік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін  көрсете отырып,  қызметтік міндеттерін   барынша адал атқаруды талап етті. Сондай-ақ еліміздің бас көлік полицейі ІІЖБ(б) бастықтарына   қылмыстарды ашу және анықтау, кадр саясатын жетілдіру, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және жауынгерлік-қызметтік даярлықты жетілдіру  бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Соңғы жаңалықтар