Жас ұрпақ Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда жауапкершілікті барынша сезінуі тиіс - соғыс ардагері Қадан Бекенов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жас ұрпақ Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда жауапкершілікті барынша сезінуі тиіс. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында соғыс ардагері Қадан Бекенов осылай айтты.

«Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту аясында үлкен шаралар ұйымдастырылады ғой. Жалпы, осы атаулы датаға айрықша мән беріліп отырғандығы қарт майдангерлерді қатты қуантып отыр. Қазір 90 жастамын. Сондықтан алыс сапарларға шыға алмайтыным анық, алайда, Астанада өткізілетін шараларға барынша баруға тырысамын. 2004 жылы біз Беларуссияға барып, ұрыс болған жерлерді аралап келдік. Сол кезде Қазақстанның өңірлерінен 8 ардагер сапарладық. Қан майдандағы көптеген оқиғаларды есімізге алдық», - деді қарт майдангер.

Көптеген қалаларды азат еткен Қадан ата соғысты Берлинде аяқтады. Атап айтқанда, ардагер Оңтүстік-Батыс және Бірінші Беларус майдандарында ерлікпен шайқасты. Соғысқа 1942 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданынан аттанған. Бұдан кейін еңбек жолын ішкі істер органдарының қатарында жалғастырды. 1972 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Көптеген орден, медальдармен наградталды.

«Негізі қала әкімдігі мен өзге де ведомстволар тарапынан көңіл бөлініп келеді. Жақында Президент атынан құттықтаулар жеткізіліп, құрмет көрсетіліп жатыр. Жалпы көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысымды айтамын. Елімізде бүгінде жақсы игі бастамалар жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» аясында мақсат-міндеттер толық орындалсын деген тілегімді жеткізгім келеді. Мемлекетіміздегі осы бейбітшілік пен тұрақтылық мәңгі болсын!», - деді ардагер өз сөзінде.

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту аясында ТМД бойынша 2015 жыл Ардагерлер жылы болып бекітілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету бағытында жалпыұлттық акция, тиісті шаралар ұйымдастырылуда.

Соңғы жаңалықтар