Жас патриоттар онлайн-режимде бақ сынасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны ашылды. Іс-шара 30 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара алғаш рет онлайн режимде өткізілуде. Республикалық жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 39 команда қатысып жатыр. Олардың құрамында «Жас ұлан» республикалық мектептері, өңірлік әскери мектеп-интернаттары, Қарулы күштердің әскери-патриоттық клубтары, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 585 тәрбиеленушісі бар.

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі жыл сайын жанданып келеді. 2018 жылдан бастап әскери-патриоттық клубтардың саны 2 828-ден 6 640-қа дейін өсті. Ал олардың тәрбиеленушілерінің саны соңғы жылдары 74 164-тен 195 886-ға дейін жетті.


Үйлестіру мақсатында Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылды. Онда Led-экран арқылы барлық жарысқа қатысушының өнерін көруге болады. Іс-шараны өткізу үшін Aibynonline.kz онлайн платформасы және Aibyn мобильді қосымшасы әзірленді.

Биыл әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыс өткізілмек. Байқауға қатысушылар «Айбын дарыны» интеллектуалдық ойынына, «Айбын жұлдызы», «Саламатты жас сарбаз», «Смарт сарбаз» байқауларына қатысады. Еріктілер жылы аясында «Біз біргеміз» челлендждер байқауы өтеді.


Қазылар алқасы Нұр-Сұлтанда жарысқа қатысушылардың өнерін сарапқа салады. Сонымен қатар командалардың онлайн көрсетілімдері мен бейнероликтерін мұқият зерделегеннен кейін әскери сарапшылар мен мамандар әскери мектептер мен клубтардың республикалық байқауының жеңімпаздарын анықтайды.

«Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ашты. Министр қатысушыларға жарыста табыс пен рух сергектігін тіледі.

«Адал және табанды күресте жеңіске деген үміттеріңізді жоғалтпаңыздар, бастысы – жеңіс емес, осы жарыста жетілдіре алатын дағдылар», – деп жиынға қатысушыларды құттықтады.


Іс-шараны жариялау үшін Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Аibyntv студиясы ашылды. Аталмыш студияда «Жас сарбаз медиа» шығармашылық тобының жас тілшілері жиын конкурстары мен қорытындылары туралы репортаждар жүргізеді.

Республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында өтеді. Оған жеңімпаз командалар капитандары шақырылатын болады. Бұл ретте барлық өңірлер бейне байланыс арқылы бас фронт-кеңсеге қосыла алады.


Соңғы жаңалықтар