«Жас Отан» жастары ақтөбеліктерге үндеухат таратты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Жас Отан» жастары ақтөбеліктерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы басым бағыттар мен тапсырмаларды түсіндірді. Республикалық акция аясында жастар халыққа Жолдаудың маңыздылығын айтып, үндеухат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық қызмет сапасын арттырып, өндіріске инновациялық технологияны енгізу, шағын және орта бизнеске мол қаржы беріп, адами капиталды дамыту. Бұл Елбасын Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған басым бағыттар. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аталған басымдықтар мен маңызды міндеттерді айтып берді. Жастар үшін білім саласындағы жаңашылдықтың маңызы ерекше.

«Елбасының Жолдауы - Қазақстанның дамуын анықтап берген бағдар. Басым бағыттарды іске асыру үшін алдымен ұғынып, түсініп алу қажет. Сонда ғана біз алдағы күнімізді, жұмысымызды жоспарлай аламыз. Әсіресе, жастар үшін Елбасының басты құжаты жақсы өзгерістерге толы. Мәселен, инттеллектуалды ұлт бағытында білім саласына ерекше көңіл бөлінген. Қазақстандықтар әлемде бәсекеге қабілетті маман болуы қажет. Тапсырмаға сәйкес жоғары сынып оқушылары маңызды пәндерді ағылшын тілінде оқиды. Техникалық мамандық тегін беріледі. Енді бар мүмкіндікті пайдаланып, білім алып, елге еңбек ету жүгі артылып тұр. Біз осы жауапкершілікті анық сезінеміз»,- «Жас Отан» Жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиал төрағасы Асылжан Бүлкіталин.

Айта кетейік, бұған дейін өңірде еркін пікір алаңында кездесулер өтіп, түрлі танымдық басқосулар болды. Жастар замандастарына жақсы білім алып, білікті маман атанудың жолдарын айтты.

«Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында әр сала жан-жақты қамтылған. Жастарға білім мен еңбек бағыты арналған. Біз үшін білім саласына инновациялық технологиялар енгізіліп, әлемдік дейгейдегі әдістемелер енгізіліп жатыр. Кез келген ынталы жас мүмкіндікті пайдаланып, елі үшін жақсы қызмет ететініне сенімдіміз»,- деді ақтөбелік жас Арайлым Алтайқызы.

Соңғы жаңалықтар