«Жас өркен» сыйлығы еліміздегі ең дарынды балаларға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі ең дарынды балаларды анықтауға арналған «Жас өркен» сыйлығы бойынша бүгін дауыс берудің алғашқы кезеңі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас өркен» сыйлығының иелерін анықтау жұмысы өткен айда басталып кеткен болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғамдық ұйымдар сыйлықтың жарияланғанын естіп, бірден өз үміткерлерін ұсына бастаған. «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтоқ атап бергендей, «Жас зерттеуші», «Жас дарын», «Жас толағай», «Жас патриот», «Жас эколог», «Жас қанат», «Жас биші», «Жас қалам», «Жас блогер», «Үздік ерікті» «Жас ақын», «Жас суретші», «Жас музыкант» номинациялары бойынша Қазақстандағы өз қатарынан озық балалар анықталады.

«Елімізде дарынды жас балалар өте көп. Мәселен, Ресейдегі «Голос. Дети» шоуының жұлдызы Ержан Максимді алып қараңыз. Сонымен бірге, ғылыми жұмыстармен айналысып жатқан, сөз өнерімен және ақындығымен танылған немесе біреуді құтқарып алған балалар да аз емес. Ерікті өрендер жетерлік. 300-ге тарта өтінім келіп түсті. Бұл сыйлық - «Жыл адамы», «Халық сүйіктісі» сыйлықтарына ұқсайды. Тек бұл байқауда біз мектеп жасындағы балаларды таңдап аламыз. Шараны тұңғыш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі - дауыс беру. Әлеуметтік желіде дауыс беру ашық жүргізіледі. Республикалық деңгейдегі бұл сыйлыққа тек Тараздан ғана үміткер ұсынылған жоқ. Ал қалған облыстардың барлығынан дарынды балалар қатысады», - дейді Ғалым Байтоқ.

Әлеуметтік желіде дауыс берудің алғашқы кезеңі бүгін, яғни 12 наурыз күні сағат 22.00-де басталады. Facebook желісіндегі «Халық сүйіктісі» (Народный любимец) тобында дауыс беру 31 наурызға дейін жалғасады. Ал екінші кезеңдегі дауыс беру 5-15 сәуір аралығында lubimec.kz сайтында жүргізіледі.

«Біз тұңғыш рет осындай республикалық деңгейдегі сыйлықты өңірде өткізетін болдық. Атап айтқанда, осы байқаудың ұйымдастырылатынын естіген Қостанай облысы үлкен қызығушылық танытты. «Қостанай дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қоры байқаудың финалын Қостанайда өткізеді», - дейді Ғалым Байтоқ.

Соңғы жаңалықтар