«Жас Өркен» байқауы биыл да жалғасын табады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтоқ «Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығы дарынды балаларға биыл да берілетінін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалым Байтоқ өткен жылы әлеуметтік-мәдени өмірдің сан саласындағы дарынды балаларды анықтау мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет бірегей балалар конкурсын өткізілгенін еске салды. Оның жазуынша, «Жас Өркен» республикалық балалар сыйлығы Қазақстандағы Жастар жылына орай ұйымдастырылып, Сыйлықтың 14 номинация бойынша лауреаты анықталған. Байқаудың бас жүлдесін жас әнші, 2019 жылғы балалар Еуровидениесінің жеңімпазы Ержан Максим жеңіп алған еді.

«Өткен жылы жеңімпаздарды марапаттауды Қостанай қаласында өткіздік. Бізге «Қостанай дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы қолдау көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Қостанай облысының жергілікті атқарушы органы мен жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созған. Биыл біз осы дәстүрді жалғастырып, дәл сол Қостанайда лауреаттарды марапаттау рәсімін өткізуді жөн деп шештік», - деп жазады Ғалым Байтоқ facebook парақшасында.

2020 жылдың 1-8 наурызы аралығында алғашқы, яғни байқау үміткерлерін қабылдау кезеңі басталады. 15-22 наурыз аралығында Facebook-те дауыс беру арқылы екінші кезең өтеді. 29 наурыздан 12 сәуірге дейін ақтық дауыс беру lubimec.kz сайтында жалғасады. Лауреаттарды марапаттау рәсімі 2020 жылдың мамыр айының басында ұйымдастырылады.

«Демеушілерге атсалысуға шақырамыз. Сыйлықтар америкалық «Оскар» киносыйлығының тәжірибесі негізінде табысталады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар