Жас металлург Қазақстан жастарын өндірісте еңбек етуге шақырды - Жастар жылы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақсу ферроқорытпа зауытының металл қорытушысы Александр Шутов Қазақстан жастарын өндіріс орындарында жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, өндіріс саласында ең жарқын жетістікке жетудің үлгісін Президент өз өмірімен көрсетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен 26 жастамын. Мамандығым - металлург. 20 жасымнан бастап Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істеп келемін. Қазіргі уақытта жұмыста мастер лауазымында еңбек етемін. Өз жұмысымның міндеттемелерінен бөлек, мен зауыттың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрмін. Жастар кеңесінің ғылыми жұмыс бойынша белсендісімін. Әртүрлі ғылыми-техникалық конференциялардан қалмауға тырысамын. Сонымен бірге, Павлодар облысының жастар кәсіподағының мүшесімін», - деді жас металлург Президенттің қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, зауыттағы металлургтердің көпшілігі - креативті жастар. Олардың бәрі де заманға сай идеялардың бастамашысы болып отыр.

«Бұл идеялар өндірісті артырып қана қоймай, әлеуметтік салада да маңызын көрсетіп келеді. Жастар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, аулаларды жақсарту, балаларға арналған алаңдардың іргесін қалау секілді маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Пеште жұмыс істеу еңбекке деген сүйіспеншілігімді туғызды. Кәсіпорында жұмыс істеген уақытта мемлекеттік деңгейдегі өзгерістерге куә болғанымды айта кеткім келеді», - дейді Александр Шутов.

Жас металлург еліміздің адал еңбек етіп жүрген барша жастарының атынан Мемлекет басшысына алғыс айтты.

«Сөз соңында мамандық таңдау алдында тұрған жастарға үндеу тастағым келеді. Өндіріс - өз әлеуетіңді танытудың керемет мүмкіндігі. Еңбек жолын өндірісте бастай отырып, көп мақсатқа жетуге болады. Біздің Президент Нұрсұлтан Әбішұлы осы ретте бізге жарқын үлгі болып табылады», - деп түйді сөзін Александр Шутов.
null

Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар