Жас маманның кәсіби біліктілігін тексеріп, сертификат беру не үшін қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов жас мамандардың кәсіби біліктілігін тексеріп, сертификат беру процесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маманның кәсіби біліктілігін сертификаттау бойынша министрлікке сұрақтар келіп жатыр. Бізде бұған дейін де сертификациядан өтіп тұратын мамандық иелері бар. Мысалы, бухгалтерлер кәсібилігін сертификациядан өтіп растайды. Енді мамандықтардың аясы кеңейе түспек. Қазір біз құзырлы органдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кәсіби біліктілік стандарттарын әзірлеп жатырмыз. Колледж немесе университет бітірген түлектердің мамандығы бойынша кәсіби біліктілігін тексеру үшін «Атамекен» ҰКП жанынан аккредитациялау орталығы ашылады», - деді Ербол Оспанов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Оның айтуынша, кәсібилікті тексерудегі мақсат – маманның өз ісін қаншалықты білетіндігін анықтау.

«Жас маман жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келе ме? Соны анықтайды. Қолында сертификаты бар қызметкер – кәсіби білікті маман деген сөз», - дейді ол.

Бұған дейін елімізде әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі қайта қаралып жатқанын хабарлаған едік. Еңбек вице-министрі Ербол Оспанов мәлім еткендей, әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі көтеріліп, жалақысы артады.


Соңғы жаңалықтар