Жас мамандарға қызметтік баспана қажет – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағандыда облыстық мәслихат депутаттары өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Жиынға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс барысында жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамту, медицина, білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау сияқты өзге де кең ауқымды мәселелер сөз болды.

Депутаттардың айтуынша, биыл Қарағанды облысында ауыл шаруашылығын, денсаулық сақтау, туризмді дамытуға, педагогтардың IT біліктілігін жетілдіруге және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінбек.

«Бүгінгі таңда алдымызда тұрған тағы бір маңызды міндет ауылдық жерлерге және шағын қалаларға жас мамандарды тарту және жұмыс істеп жатқан мамандарды орнықтыру болып табылады. Тұрғын үй мәселесін шешпей, бұл мүмкін емес. Сондықтан денсаулық сақтау саласы ғана емес, білім, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері үшін «Қызметтік тұрғын үй» бағдарламасын әзірлеу қажет», - дейді Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов.

Депутаттар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарымен байланысты проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну, су ресурстарын пайдалану және мал жайылымы мәселелері де сөз болды.

Сессияда жастар саясаты мәселесіне көп көңіл бөлінді. Бұл ретте басты проблема жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету болды.

«Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Облыстың 1 436 жас тұрғыны жастар тәжірибесіне жіберілді. «Дипломмен - ауылға» жобасы бойынша жұмысын жаңадан бастаған 626 маман жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға бюджеттен несие алды», - деді жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың төртінші тоқсанында 3,8%-ды құрады. Осыған байланысты жұмысшы жастарды және NEET-жастарды жұмысқа орналастыру және оқыту бойынша жұмыс жалғасуда. Мысалы, Саран қаласында шина шығаратын зауыт салынып жатыр. Компания өз есебінен жаңа кәсіпорын үшін 1 000 жас жұмысшыны оқытады.

Депутаттар келесі сессияда 2020 жылға арналған бюджеттің атқарылуы, Қарағанды облысының өткен жылғы даму бағдарламасының іске асырылу барысы мен дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы есеп беруді көздеп отыр.

«Биыл бізге өңір экономикасын тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және бизнесті қолдау, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық шараларды қабылдау үшін өзіміздің басымдықтарымызды қайта қарастыру, ағымдағы және күрделі шығыстарды қайта қарау қажет», - деді мәслихат депутаттарының жұмысына баға берген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар