Жас мамандарға да жатақхана салынуы тиіс - Дариға Назарбаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламентінің сенаторы Дариға Назарбаева студенттерге ғана емес, мамандарға да жатақханалар салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылдар бойы жатақхана көптеген жас отбасыларды, жас мамандарды мұқтаждықтан құтқарып келді. Бүгінде студенттер жатақханасы туралы ғана сөз қозғалады. Қызметкерлерге арналған жатақхана ше? «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек ресурстарын өңірлерге жіберуді ұсынып отырмыз, ал оларды баспанамен қамти алмаймыз. Бұл орайда жатақханалар тиімді шешім болар еді», - деді Дариға Назарбаева Сенатта өткен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы туралы дөңгелек үстелде.

Сенатор сұрағына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жауап берді. Оның айтуынша, мұғалімдер арасында тұрақты салым жасауға шақыратын үгіттеу жұмыстары жүруде.

«Қазір облыс әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеудеміз және мектептерде есепшотқа үзбей ақша салып отыруды насихаттап келеміз. Ақша жинаудың өзі қатаң тәртіпті талап етеді. Есепшотты ашып алып, ақша салмай, ұзаққа созып алғандар бар.  Жақында бізге медициналық ұйым келіп, қызметкерлері үшін автоматты түрде салым жинап отыратын механизм жасауымызды сұрады. Яғни, есепшот ашып, қаражат жинақтауға келісім берген қызметкерлердің еңбекақысынан қаражат ұсталады. Осылайша, үш жылда алғашқы жарнаны салып, баспана алуға болады. Дәл осындай тәсілді мектептер мен ауруханаларға ұсынып жатырмыз», - деді Ләззат Ибрагимова.

Еске сала кетейік, «7-20-25» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы өз жұмысын 2018 жылдың шілде айында бастайды. Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге де, кәсіпкерлерге де арналған.

Соңғы жаңалықтар